14 Тамыз 2026, 10:35 Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек өңдей бастады – сарапшы

Соңғы бес жылда Қазақстанның ауыл шаруашылығы экспорты 3,8 млрд доллардан 7 млрд долларға дейін өсті. Қазір қазақстандық агроөнімдер әлемнің 72-ден астам еліне жеткізіледі.

Қазақстан ұзақ жылдар бойы әлемге ірі астық өндіруші және бидай экспорттаушы мемлекет ретінде танылды. Алайда бүгінде елдің аграрлық секторында жаңа бағыт қалыптасып келеді. Қазақстан енді тек егін өсіріп, шикізатты сыртқы нарыққа шығарумен шектелмей, өндіріс, терең өңдеу, дайын өнім, логистика және экспортты біртұтас жүйеге біріктіруге кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, бұл модельдің басты артықшылығы – қосылған құнның едәуір бөлігі Қазақстанда қалады. Соның нәтижесінде жаңа өндіріс орындары салынып, жұмыс орындары ашылады, салық түсімі ұлғаяды, логистика дамып, жаңа технологиялар келеді.

Бұрын астықты шикізат күйінде экспорттау негізгі экономикалық модель болса, ендігі міндет – оны ел ішінде өңдеп, қосылған құны жоғары өнім ретінде сыртқы нарыққа шығару. Оның ішінде крахмал, глютен, биоэтанол, мал азығы, тағамдық ингредиенттер және дайын өнім өндірісі бар.

Бұл бағыттағы алғашқы нәтижелер де байқалады. 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 53 жоба іске қосылды. Азық-түлік өндірісі 8,1 пайызға өсті. Ал 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында өсім тағы 14,4 пайызды құрады. Өңделген өнімнің үлесі бүгінде аграрлық экспорттың жартысынан асып отыр, - дейді ол.

Соңғы бес жылда Қазақстанның ауыл шаруашылығы экспорты 3,8 млрд доллардан 7 млрд долларға дейін өсті. Қазір қазақстандық агроөнімдер әлемнің 72-ден астам еліне жеткізіледі.

Жаһандық экономикада азық-түліктің стратегиялық маңызы да артып келеді. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы, әскери қақтығыстар және халықаралық логистикалық тізбектердің үзілуі көптеген мемлекет үшін азық-түлік импортының қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Осындай жағдайда тұрақты түрде миллиондаған тонна астық пен азық-түлік өндіре алатын мемлекеттердің саяси-экономикалық салмағы да артады. Қазақстан үшін бұл жаңа мүмкіндік есігін ашты. Және біз оны пайдалана бастадық, – деді сарапшы.

2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 17 шілдеге дейін Қазақстан астық эквивалентінде 13,5 млн тонна астық пен ұн экспорттаған. Бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда 12,5 пайызға көп.

Көрші нарықтарға жеткізілім де айтарлықтай артқан. Өзбекстанға экспорт 37 пайызға өсіп, 5,6 млн тоннаға жетті. Ауғанстанға жеткізілім 59 пайызға артып, 2,2 млн тоннаны құрады. Қырғызстан бағытындағы өсім шамамен 40 пайыз болса, Түрікменстанға жеткізілім 34 пайызға артқан.

Айбар Олжайдың пікірінше, бұл көрсеткіштер Қазақстанның Орталық Азия үшін жай ғана сауда серіктесі емес, біртіндеп азық-түлік тұрақтылығының жүйелік элементіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Сарапшы аграрлық сектордағы маңызды өзгерістердің тағы бірі – астықты терең өңдеу саласына ірі халықаралық капиталдың келе бастауы дейді. 2029 жылға дейін бұл бағытта жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын алты ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында Tiryaki Agro, Fufeng Group, Dalian Hesheng Holdings және Hopefull Grain & Oil секілді халықаралық компаниялар бар.

Сарапшы мұндай инвесторлардың келуін Қазақстанның аграрлық әлеуетіне сыртқы нарықтың берген бағасы деп есептейді.

Инвестор үшін бір ғана астықтың мол болуы жеткіліксіз. Оған тұрақты шикізат базасы, инфрақұрылым, нарықтарға қолжетімділік, энергия, логистика және ұзақ мерзімді мемлекеттік саясат қажет, – деді Айбар Олжай.

Оның айтуынша, Қазақстан осы факторларды бір арнаға тоғыстыра алса, дәстүрлі аграрлық сектордың жанынан жаңа агроөнеркәсіптік индустрия қалыптастыруға мүмкіндік бар. Бұл елдің тек астық экспорттаушы ретіндегі орнын өзгертіп, Еуразиядағы агроазық-түлік хабына айналуына жол ашуы мүмкін.

Тағы оқи отырыңыз: Орталық Азия экономикасы 543 млрд долларға жетті: Оның жартысынан астамы Қазақстанға тиесілі