Қазақстан аумағында 13 халықаралық дәліз жұмыс істейді
Қазақстан аумағында 5 теміржол және 8 автомобиль жұмыс істейді. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Мәжілістегі Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Батыс пен Шығыс арасындағы жүк айналымы 216 млн тонна, ал Солтүстік – Оңтүстік бойынша 206 млн тонна. Мұндағы ақша айналымы 1 трлн доллардан асады. Аталған жүк көлемінің 93%-дан астамы су көлігімен, 4%-ы теміржолмен тасымалданады, - дейді министр.
Қарабаев министрліктің негізгі жұмыстары осы жүк айналымының белгілі бір бөлігін Қазақстан арқылы өтуін қамтамасыз ете отырып, елдің транзиттік әлеуетін толық игеруге бағытталғанын айтты.
Ол үшін ел аумағында 13 халықаралық дәліз жұмыс істеп тұр, оның бесеуі теміржол және сегізі автомобиль жолдарына тиесілі. Осы бағыттар арқылы былтыр 32 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды. Биылғы өсу қарқыны 6%-ды көрсетіп отыр. Ендігі міндетіміз – 2030 жылға қарай тасымалдау көлемін 74 млн тоннаға жеткізіп, 2,3 есеге арттыру, - деді Көлік министрі отырыста.
Марат Қарабаев Қытай бағытындағы жүк ағымдарының соңғы 10 жылда 3 есеге ұлғайғанын атап өтті.