Қазақстан аумағынан дрон ұшырылды деген ақпарат жалған – СІМ
СІМ мұндай жарияланымдар Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі достыққа, стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарға нұқсан келтіруге бағытталған негізсіз ақпарат екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ел аумағы Ресейдегі нысандарға шабуыл жасау үшін пайдаланылған ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұшыру алаңы болды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомствоның мәлімдеуінше, соңғы уақытта бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан аумағынан Ресейге қарсы қолданылған дрондар ұшырылды деген арандатушылық сипаттағы ақпараттар тараған. Алайда бұл мәлімдемелердің ешқайсысы нақты деректермен немесе дәлелдермен расталмаған.
СІМ мұндай жарияланымдар Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі достыққа, стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарға нұқсан келтіруге бағытталған негізсіз ақпарат екенін атап өтті.
Министрлік Қазақстанның тату көршілік, өзара құрмет және мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген теңгерімді әрі жауапты сыртқы саясатты ұстанатынын еске салды. Сондай-ақ еліміздің халықаралық құқық нормалары мен халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты барлық міндеттемелерді бұлжытпай орындайтыны айтылды.
СІМ Қазақстан өз аумағының, әуе кеңістігінің және инфрақұрылымының басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған іс-қимылдар үшін пайдаланылуына жол бермейтінін тағы да мәлімдеді.
Осыған байланысты министрлік бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам өкілдерін тексерілген деректерге ғана сүйеніп, жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырды.