Қазақстан Ауғанстанға 300 тонна гуманитарлық көмек жіберді
Делегация Кабул қаласына ресми сапармен барған.
Қазақстан Ауғанстанмен экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 19-21 маусым аралығында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабул қаласына ресми сапармен барған.
Сапар барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік-логистикалық ынтымақтастық және гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланған.
Екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылып, жалпы салмағы шамамен 300 тоннаны құрайтын азық-түлік, алғашқы қажеттілік тауарлары мен дәрі-дәрмектерден тұратын кезекті гуманитарлық көмек партиясын Ауғанстан халқына тапсыру рәсімі өтті, - деді Ерлан Жетібаев.
Қазақстан соңғы жылдары Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп, өңірлік тұрақтылықты қолдау бағытындағы бастамаларға қатысып келеді.