Қазақстан Ауғанстан нарығына неге қызығушылық танытып отыр? – сарапшы түсіндірді

Қазақстанның Ауғанстанға экспорты 30%-ға төмендеді. Дегенмен, Қазақстан бұл елмен сауда айналымын 3 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы тақырып төңірегінде BAQ.KZ тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

Сауда министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 545,2 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14,3%-ға төмен. Ал 2025 жылғы қаңтар–мамырда сауда көлемі 28,2%-ға қысқарып, 171,4 млн долларға жуықтады.

Қазақстан Ауғанстанға нені экспорттайды?

•⁠ ⁠Ұн (93,1 млн доллар, 57,1%),
•⁠ ⁠Бидай (18,2 млн доллар),
•⁠ ⁠Күнбағыс майы (16,4 млн),
•⁠ ⁠Болат прокаттары (16,3 млн),
•⁠ ⁠Табиғи газ, бұршақ тұқымдастар, тыңайтқыштар, мұнай өнімдері.

Ауғанстан Қазақстан ұнының ең басты тұтынушысы және сол елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей ат саласып отыр, - дейді QazTarde Сауда саясатын дамыту орталығы Бас директоры орынбасары Нұрлан Құлбатыр.

Қандай заттарды импорттаймыз?

Импорт көлемінің өсуі негізінен қант қосылған сулар, кептірілген жемістер мен жаңғақтар, алюминий бұйымдары, бағалы тастар мен теміржол локомотивтері бойынша жеткізілімдердің ұлғаюымен байланысты. Ең ірі өсім қант қосылған сулар бойынша тіркелді – 8,7%-ға немесе 535,4 мың АҚШ доллар.

Алдағы жоспарлар қандай?

Сауда министрлігінің мәліметінше, екіжақты сауданы 3 млрд долларға дейін ұлғайту мақсатында "Жол картасы" қабылданған. Жоспарға сәйкес Қазақстан химия өнімдерін, минералды тыңайтқыштарды, жанар-жағармай материалдарын жеткізу көлемін арттыруға дайын.

Сонымен қатар:

•⁠ ⁠"Тургунди–Герат" теміржол желісі (Трансауған дәлізі) салу қарастырылуда;
•⁠ ⁠Цифрлық технологиялар, логистика, жер қойнауын пайдалану бағыттары – басым сала;
•⁠ ⁠2023–2025 жылдары Алматы, Астана және Кабул қалаларында бірнеше бизнес миссиялар мен көрмелер ұйымдастырылған;

Саясаттанушы не дейді?

Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда тек экономикалық емес, аймақтық қауіпсіздік пен геосаяси тепе-теңдікке де әсер етеді.

Ауғанстанға азық-түлік, отын және инфрақұрылым жеткізу арқылы Қазақстан бұл елдегі әлеуметтік ахуалды тұрақтандыруға үлес қоса алады. Осы арқылы радикализм мен экстремизмнің таралуын шектеуге болады, – дейді ол.

Момынқұлов Қазақстан Ауғанстан арқылы Пәкістан мен Үндістан нарығына шыға алатынын атап өтті. Бұл – Қазақстан үшін жаңа логистикалық мүмкіндік.

Қазақстан бұл процесте экономикалық серіктес қана емес, аймақтық тұрақтылық пен даму стратегиясының белсенді қатысушысы ретінде әрекет етуге ұмтылып отыр. Бұл саясат Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының жалғасы ретінде қалыптасуда. Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азия нарығына шығудың жолын ашу ықтималдығы бар. Ал Ресей, Қытай және Иран сынды ірі ойыншылармен дипломатиялық тепе-теңдікті сақтауды қажет етеді, - дейді ол.

Алайда Талибан үкіметінің халықаралық деңгейде мойындалмауы, ашық шекаралар, заңсыз есірткі және экстремизм тәуекелдері бар.

Ауғанстан – Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасындағы маңызды ел. Иран порттары – Орталық Азия үшін теңізге шығатын тиімді бағыт. Бірақ бұл бәсекелестікті де күшейтеді, – дейді саясаттанушы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы