Қазақстан бидайының 72 пайызы жоғары сұрыпты: экспортқа әсері қандай?
Биыл Қазақстанда жиналған астықтың көлемі ғана емес, сапасы да жоғары. Елімізде өндірілген жұмсақ бидайдың шамамен 72 пайызы 3-сыныпқа жатады. Ал зерттелген бидайдың 48 пайызында желімше мөлшері 28 пайыздан асады. Бұл ішкі нарықты сапалы астықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық өнімнің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Астық сапасының азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорт үшін маңызы қандай? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Суармалы егіншілікті дамыту басқармасының басшысы Ерсайын Досымбетов айтып берді.
Ерсайын Досымбетовтің айтуынша, астық сапасының маңызы оның өндіріс көлемінен кем емес. Бұл, ең алдымен, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтағы орнын нығайтуға тікелей әсер етеді.
Биыл күрделі ауа райы жағдайларына қарамастан, жиналған өнімнің жоғары сапалық көрсеткіштерін қамтамасыз ете алдық. Элеваторларға жеткізілген жұмсақ бидайдың шамамен 72 пайызы 3-сыныпқа жатады. Зерттелген бидайдың 48 пайызында желімше мөлшері 28 пайыздан асады. Бұл астықтың нан пісіруге жарамдылық қасиеттерінің жоғары екенін көрсетеді. Жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Мәселен, Ақмола облысында 3-сыныпты бидайдың үлесі 90 пайызға, ал Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70 пайызға жетті, – деді ол.
Спикердің сөзінше, сапалы азық-түліктік бидайдың жеткілікті болуы ішкі нарықтың астыққа, ұнға және нан-тоқаш өнімдеріне деген қажеттілігін толық өтеуге, сондай-ақ қажетті қор қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Астық сапасы экспорттық әлеуетімізге де тікелей әсер етеді. Қазақстандық бидай ақуыз бен желімшенің жоғары мөлшері сияқты сапалық сипаттамаларының арқасында сыртқы нарықтарда сұранысқа ие. Мұндай астық ұн тарту өнеркәсібі үшін ерекше құнды, бәсекеге қабілеттілігі жоғары және экспорттық жеткізілімдердің географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – дейді Ерсайын Досымбетов.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан 24,3 млн тонна астық жинағаны туралы жаздық.