17 Қараша 2026, 10:32 Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Астықты терең өңдеу: Қай өңірлерде жаңа кәсіпорындар ашылады?

2029 жылға дейін Ақмола облысында екі, Қостанай облысы мен Астанада бір-бірден астықты терең өңдеу жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беріліп жатыр. Осы бағытта 2029 жылға дейін барлығы алты ірі жобаны жүзеге асыру көзделген.

Олардың алғашқы екеуі биыл іске қосылған. Түркістан облысындағы «Қазкрахмал» зауытында жүгеріден крахмал мен глюкоза-фруктоза сироптарын өндіру көзделген. Ал Жамбыл облысындағы Fufeng Group жобасы аясында крахмал және аминқышқылдарын шығару жоспарланған. Олардың қатарында лизин, треонин, триптофан, глутамин және лейцин бар.

Айдарбек Сапаров бұл өнімдерге әлемдік нарықта сұраныс артып келе жатқанын атап өтті.

2029 жылға дейін тағы төрт жобаны іске қосу жоспарлануда. Оның екеуі Ақмола облысында, біреуі Қостанай облысында және біреуі Астана қаласында орналасады. Бұл жобаларды іске асыру қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін ұлғайтуға, отандық астыққа сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді министр.

Өңдеу саласына құйылған инвестиция да көбейген. Биылғы тоғыз айда тамақ өнімдерін өндіру саласының негізгі капиталына салынған инвестиция 2,1 есеге өсіп, 373 млрд теңгеге жеткен.

Министр келтірген мәліметке сәйкес, он айда азық-түлік өндірісі 13 пайызға ұлғайып, 3,6 трлн теңгені құраған. Атап айтқанда, өсімдік майының өндірісі 24 пайызға артып, 938 мың тоннаға жеткен. Кондитерлік өнімдер өндірісі 7 пайызға өсіп, 210 мың тоннаны құраған.

Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да артқан. Қаңтар-тамыз айларында оның көлемі 35 пайызға ұлғайып, 3 млрд АҚШ долларына жеткен.