Қазақстан әскері «Әлем жауынгерінің» әскери-қолданбалы сайысында үздік атанды

Қазақстандық артиллеристердің, әскери топографтар мен атқыштардың халықаралық армия ойындары байқауларындағы сенімді жеңістерінен кейін еліміздің тағы төрт командасы Әзербайжан, Армения және Ресейдегі жарыс алаңдарында өнер көрсетуін жалғастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ  Қорғаныc министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Армяндық  Дилижанда өтіп жатқан "Әлем жауынгері" байқауының "Ратник" кезеңінде қазақстандық команда ерлер арасындағы әскери-қолданбалы кешенде жеңіске жетті. Екінші орында – Беларусь, үшінші орында – Ресей командалары. Дүйсенбіде атыс жаттығуларынан, әскери-медициналық және әскери-қолданбалы кешендерден тұратын кезеңнің соңғы нәтижелері шығарылады.

Кабардино-Балкарияда "Терскол" тау дайындығы оқу орталығында "Эльбрус сақинасы" конкурсында көшбасшылық үшін табанды күрес жалғасуда. Бір күн бұрын әскери альпинистер тоғызыншы арнайы тапсырманы орындады. Жартас учаскесінен өту жарысында Қазақстан командасы үшінші нәтиже көрсетті. Бірінші орында – Ресей командасы, екінші орында - Өзбекстан.

Бүгін байқауға қатысушылар Ирик шатқалынан (2800 м) Кіші Азау мұздығына (3264 м) 25 шақырымдық жаяу марш жасайды. Дүйсенбі күні байқауға қатысушылар мұз учаскесінде көтерілу/түсу және зардап шегушіні тасымалдауға арналған арнайы тапсырмаларды орындайтын болады.

Мәскеу түбіндегі "Алабино" полигонында Қазақстан командасының танкистері "Танк биатлоны" жартылай финалдық эстафетасының өтетін күні мен қарсыластарын анықтайтын жеребе тартуды күтуде. Әзербайжандағы  "Теңіз кубогы" байқауында 22 тамызда қатысушылар жауынгерлік жүзушілер шеберлігінде бақ сынайтын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы