16 Тамыз 2026, 09:43 Фото: ҚР ҰОК

Қазақстан әртістік жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлде алды

Бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы үшінші жүлдесі.

Қазақстан құрамасы Венгрияда өтіп жатқан әртістік жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Спортшыларымыз командалық акробатикалық бағдарламада екінші орын иеленді.

Қазақстан құрамасы өнер көрсету нәтижесінде 203,1 ұпай жинады. 232,2 ұпаймен Ресей жеңіске жетсе, 201,0 ұпай жинаған Беларусь қола жүлдегер атанды.

Қазақстан құрамасы сапында Ясмина Исламова, Даяна Джаманчалова, София Ищенко, Мақпал Қалмырза, Полина Мерзлякова, Алдияр Рамазанов, Айғаным Саим және Анастасия Воронкова күміс жүлдеге ие болды.

Бұл – Қазақстанның қазіргі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы үшінші медалі және екінші күміс жүлдесі. Бұған дейін Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов аралас дуэттердің еркін бағдарламасында екінші орын алған еді. Ал құрама қоржынына алғашқы жүлдені Виктор Друзин салды. Ол ерлер арасындағы жекелей техникалық бағдарламада қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы (U19) әлем чемпионаты 12-16 тамыз аралығында Будапештте (Венгрия) өтіп жатыр. Жарысқа 35 елден 300 спортшы қатысуда. Чемпионатта барлығы 11 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан атынан әлем чемпионатына 12 спортшы қатысып жатыр.