Қазақстан арқылы жүк жеткізу мерзімі 5 күннен 3 күнге қысқарады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту стратегиялық басымдықтардың бірі екенін айтып, Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік көпір ретіндегі рөлін күшейтіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлықтағы транзиттік тасымалдардың басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді.
Қазақстан үшін көлік-логистикалық әлеуетті дамыту – стратегиялық басымдық. Қытайдан Еуропаға бағытталған барлық құрлықтық транзиттік тасымалдың шамамен 85 пайызы біздің елдің аумағы арқылы өтеді. Біз бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға ниеттіміз, – деді Президент.
Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толық қолдайды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толық қолдайтынын айтты.
Қазақстан бұл бастаманы жан-жақты қолдайды және ұлттық стратегияларымызды одан әрі үйлестіру жұмысына белсенді қатысуға дайын. Үш құрлықты біріктірген осы ауқымды жобаның идеясы алғаш рет Астанада Қытай төрағасы Си Цзиньпин тарапынан жарияланғаны да символдық мәнге ие, – деді ол.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Қытай бірлесіп Еуразияның жаңа көлік архитектурасын қалыптастырып жатыр.
Бұл жұмыстың ауқымы жүк тасымалы көрсеткіштерінен анық байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 35 миллион тоннадан асты, – деді Тоқаев.
Автокөлікпен тасымал көлемі 40 пайызға артқан
Президент автомобиль тасымалы саласында да қарқынды өсім байқалып отырғанын айтты.
Өткен жылы автокөлік көлігі арқылы шамамен 8 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға жоғары көрсеткіш, – деді Мемлекет басшысы.
Ол жақында Арал мен Каспийді жалғайтын жаңа магистраль құрылысының басталғанын еске салды.
Мен жақында Арал – Каспий жаңа магистралының құрылысын бастауға ресми түрде рұқсат бердім. Бұл жоба Шығыстан Батысқа бағытталған өткізу қабілетін екі есеге арттырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк жеткізу уақытын бес тәуліктен үш тәулікке дейін қысқартады, – деді Президент.
Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 100-ден астам әуе рейсі орындалады
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы әуе қатынасы да белсенді дамып келе жатқанын айтты.
Қазір Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 100-ден астам тұрақты жолаушылар рейсі орындалады. Олар 21 бағытты қамтиды. Екі елдің ірі қалалары мен өңірлерін байланыстыратын бағыттардың географиясы жыл сайын кеңейіп келеді, – деді ол.
Достық – Алашанькоу теміржол желісінің екінші тармағы салынады
Президент жақында Шанхайға жасаған сапары барысында маңызды инфрақұрылымдық келісімге қол қойылғанын хабарлады.
Шанхайға жақында жасаған сапарым кезінде Достық – Алашанькоу теміржолының екінші тармағын салу жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін аталған шекаралық өткелдің өткізу қабілеті екі есеге артады, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Аягөз – Тачэн бағытындағы үшінші теміржол желісінің құрылысы жүріп жатыр.
Бұл жаңа теміржол қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтып, қосымша 20 миллион тонна жүк өткізуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Орта дәліздің маңызы артып келеді
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығында Транскаспий халықаралық көлік бағытына, яғни Орта дәлізге ерекше мән беріледі.
Орта дәліз Қытай мен Еуропаны жалғайтын маңызды көлік артериясына айналып келеді. Біздің ортақ міндетіміз – осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша күшейту, – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін «ақылды кеден» жүйесін енгізу, құжат айналымын цифрландыру, ақпараттық жүйелерді біріктіру және шекаралық рәсімдерді автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан мен Қытай шекара арқылы жүктердің жедел қозғалысын қамтамасыз ететін сенімді инфрақұрылымдық негіз қалыптастыра алды, – деді Президент.
Қазақстан Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналуды көздейді
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда екі елдің бірлескен инфрақұрылымдық жобалары табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Ляньюньгандағы бірлескен логистикалық терминал, «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Сиань мен Алматыдағы терминалдар, Ақтаудағы контейнерлік хаб табысты жұмыс істеуде, – деді ол.
Президенттің айтуынша, Қытайдың Чэнду қаласында жаңа қазақ-қытай теміржол жүк терминалы салынып жатыр.
Жақын арада Қытай тарапының келісімімен Қазақстан Чэндуде Бас консулдық ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев бұл жобалардың барлығы біртұтас логистикалық желі құруға бағытталғанын айтты.
Іс жүзінде біз Қытайдың өндірістік орталықтарын Қазақстан арқылы Каспий өңірімен, одан әрі Еуропа нарықтарымен байланыстыратын бірыңғай желі қалыптастырып жатырмыз, – деді ол.
Президенттің пікірінше, Қазақстанның түпкі мақсаты – Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық хабқа айналу.
Біз тек жүк тасымалдайтын ел ғана болып қалмауымыз керек. Логистикамен қатар өңдеу өнеркәсібі, өндіріс, электронды сауда және заманауи сервистер де дамуы қажет, – деді Тоқаев.
Ол Қазақстан транзиттік экономикадан көлік байланыстары экономикасына көшуге тиіс екенін атап өтті.
Біздің міндетіміз – бірегей географиялық орналасуымызды өңірлердің дамуына, ортақ прогреске және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін артықшылыққа айналдыру, – деп түйіндеді Президент.