Қазақстан арқылы өтетін транзит күрт өсті: Тоқаев нақты сандарды атады
Биыл тоғыз айда Орта дәліздегі транзиттік тасымал 90 пайызға артқан. Президент бұған қоса қандай көрсеткіштерді жариялады?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде Орта дәліз арқылы жүк тасымалының айтарлықтай артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағыты түркі мемлекеттері арасындағы байланысты нығайтуда ерекше рөл атқарады.
Биылғы тоғыз айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің жалпы көлемі 30 пайызға артқан. Ал транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өскен.
Сонымен қатар Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы көлік-логистикалық байланыста да оң динамика байқалады.
Атап айтқанда, теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жуықтады. Ал автомобиль көлігімен тасымалданған жүк көлемі 20 пайызға өсіп, 6,5 миллион тоннаға жетті.
Президент халықаралық сауда мен логистикаға әсер етіп отырған геосаяси жағдайға да тоқталды.
Қазір әлемдегі геосаяси ахуал ушығып барады. Таяу Шығыстағы жағдай, әсіресе, Ормуз бұғазы төңірегіндегі текетірес күрделене түсті. Мұның бәрі жаһан елдерінің, әсіресе, шекаралас түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланысына кері әсерін тигізуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы хусит әскери қозғалысының бауырлас Сауд Арабиясына қарсы шабуылдарын негізсіз деп атап, Қазақстанның мұндай әрекеттерге наразылығын білдірді.
Қазақстан бір белгілі, яғни хусит деген әскери қозғалыстың бауырлас Сауд Арабиясына қарсы негізсіз шабуыл жасағанына наразылық білдірді. Осындай жөнсіз әрекеттерді тоқтату керек деген мәлімдемелерге қосыламыз, – деді Президент.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі екенін атап өтті.