Қазақстан арқылы өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің қабілеті ұлғаяды
2027 жылға қарай «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағытындағы өткізу мүмкіндігін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ақтауда басталған «Солтүстік-Оңтүстік» бірінші көлік сауда-экспорттық форумының ашылуында мәлімдеді.
Форумға қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде вице-премьер мұндай форматтағы іс-шараны ұйымдастыру идеясы 2024 жылдың сәуір айында Кабулда Қазақстан, Ауғанстан және Түрікменстанның үшжақты кездесуі кезінде туындағанын атап өтті. Осы кездесу барысында тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша жүктерді тасымалдау кезіндегі әлеуетті мүмкіндіктер мен бар кедергілерді талқылады. Сонымен бірге тасымалдаушылардың инфрақұрылымға қол жеткізуін және тасымалды жеңілдету үшін ашық «ойын ережелерін» әзірлеу қажеттілігі туралы ортақ ұғымға келді. Қазақстанның алғашқы көлік сауда-экспорттық форумы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша тасымалдауға және осындай ережелерді әзірлеуге мүдделі барлық ел үшін алаң болуға арналған. «Бүгінде Қазақстан арқылы “Солтүстік-Оңтүстік” көлік дәлізінің шығыс бағытының өткізу қабілеті 6 млн тоннаны құрайды. Біз 2027 жылға қарай шығыс тармақтың қуатын жылына 10 млн тоннаға, ал 2030 жылға қарай – 20 млн тоннаға дейін жеткізу үшін теміржол инфрақұрылымын белсенді дамытып жатырмыз. Ол үшін $1,9 млрд инвестиция бағыттау жоспарлануда. Бұл қаражаттың бір бөлігін Еуразиялық даму банкінің желісі бойынша ЕАЭО периметрі аясындағы басым интеграциялық инфрақұрылым жобаларына: "Орск – Қандыағаш – Мақат – Бейнеу – Болашақ" және "Илецк-1 – Ақтөбе" темір жолдарының учаскелерін жаңғыртуға жеңілдік шарттарымен тарту көзделіп отыр», — деді Серік Жұманғарин.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыстарында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ЕАЭО көлік-логистикалық интеграция орталығы ретіндегі рөлін бірнеше рет атап өткен. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі осы және өзге де ауқымды жұмыстар жаһандық нарықтарды байланыстыру және өңірді ірі көлік-логистикалық хабқа айналдыру мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
2024 жылғы 19-20 шілде күндері Ақтауда бірінші көлік сауда-экспорттық форумы өтіп жатыр. Оған 12 елден – Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Ресей, Беларусь, Түрікменстан, БАӘ, Иран, Ирак, Оман, Өзбекстаннан 440-тан астам қатысушы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының және Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері қатысуда.