Әскердегі тәртіпті енді жасанды интеллект бақылайды
Қазақстан армиясындағы барлық казарма жасанды интеллекті бар бейнебақылау жүйесімен қамтылады.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков армиядағы қауіпсіздікті күшейту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жақын уақытта барлық казарма жасанды интеллект технологиясы енгізілген бейнебақылау жүйелерімен жабдықталады.
Қазіргі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Менің ойымша, биылғы жылдың соңына дейін және келесі жылы барлық казармаларды жасанды интеллект негізіндегі бейнебақылау жүйелерімен толық қамтимыз. Бұл жүйе оқиғаларды талдап, сараптама жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Асқар Мұстабеков.
Брифинг барысында журналистер спикерден өз баласының әскери қызмет өткеріп жүрген-жүрмегенін де сұрады.
Асқар Мұстабеков қазіргі уақытта ұлының шекара қызметінде әскери борышын өтеп жатқанын айтты.
Бір ұлым қазір шекара әскерлерінде қызмет етіп жүр, – деді ол.
Журналистің «Шағым айтпай ма?» деген сұрағына спикер теріс жауап берді.
Жоқ, шағымданбайды. Кейін келісімшарт бойынша әскери қызметте қалмақ. Бұл – оның өз шешімі, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.