Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығы: Сарапшы Президенттің Вашингтонға іссапары жайлы айтты
Заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов Мемлекет басшысының АҚШ-қа жасаған іссапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтергенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға Орталық Азия және АҚШ саммитіне қатысу үшін барған болатын. Сарапшының пікірінше, бұл іссапар маңызды мәселелерді қамтып, АҚШ президентінің әкімшілігімен, конгресс мүшелерімен, сенаторлармен және ірі америкалық компаниялардың басшыларымен кездесулерді қамтыды.
Жамаладен Ибрагимов атап өткендей, сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, экономикалық қарым-қатынастарды, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнеркәсіп пен бизнесті қолдауға бағытталған ынтымақтастықты көрсетті. Мемлекет басшысы саяси байланыстарды барлық деңгейде нығайтып, көпвекторлы қарым-қатынаста тиімді келіссөздер жүргізуді мақсат ететінін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасындағы маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық та дамытылады.
Іссапар барысында цифрлық технология мен стартаптарды таныстыруға ерекше көңіл бөлінді. Олардың ішінде кинематография саласындағы видеоларды генерациялайтын платформа, машиналық оқыту саласындағы жаңа үлгілер, биотехнология саласындағы стартаптар және ұшқышсыз автономды ұшатын құрылғыларға арналған жобалар бар. Парламенттік дипломатия да жоғары деңгейде жүргізілді. Мемлекет басшысы конгрессмендермен кездесіп, экономикалық және саяси реформалар туралы баяндады, ал АҚШ депутаттары Қазақстанның потенциалын жоғары бағалап, жан-жақты байланыстар орнатуға дайын екендіктерін білдірді, - деді сарапшы.
Жамаладен Ибрагимов атап өткендей, экономикалық ынтымақтастық аясында Шеврон компаниясының Теңіз және Қарашығанақ аймақтарындағы мұнай және газ өндірісіндегі үлесі атап өтілді. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік ынтымақтастықта Агромаш зауыты арқылы 290-ға жуық техника түрі әзірленіп, пайдалануға беріледі. АҚШ пен Қазақстан арасында 2,5 миллиард долларлық стратегиялық серіктестік келісіміне де қол қойылды.
Білім, ғылым және мәдениет саласында ынтымақтастық жолға қойылған: АҚШ университеттерінің Қазақстандағы филиалдары жұмыс істеп, жаңа деңгейге көтерілді. Сондай-ақ, сыни минералдар саласындағы ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойылды, ал Мемлекет басшысы Авраам келісімдеріне қосылуға дайын екендігін ресми түрде мәлімдеді.
Ибрагимов Жамаладен Ибраһимұлы қорытындылай келе, Мемлекет басшысының АҚШ-қа жасаған іс-сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, экономика, білім, ғылым және мәдениет саласындағы жаңа инновациялық бағыттардың іске асуына жол ашты деп атап өтті.