Қазақстан – АҚШ стратегиялық серіктестігі: жаңа жаһандық сын-қатерлер аясындағы өзара сенім мен даму жолы
Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан мен АҚШ арасындағы қатынастар жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Екі елдің стратегиялық серіктестігі энергетика, технология, цифрландыру және қауіпсіздік салаларында кеңейіп, өзара инвестициялық және саяси сенім нығаюда. Сарапшы, саясаттанушы Жанерке Қайратқызы Қазақстан – АҚШ қатынастарының қазіргі ахуалы, C5+1 форматының рөлі және Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпвекторлы саясатының нәтижелері туралы өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
– Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайын қалай сипаттар едіңіз? Екі ел серіктестігінде (экономика, қауіпсіздік, технология, экология және т.б.) қай бағыттарды басым деп санайсыз?
– Қазіргі уақытта екіжақты қатынастар «жан-жақты стратегиялық әріптестік» деңгейінде: саяси диалог тұрақты, экономика мен қауіпсіздік салаларында ынтымақтастық прагматикалық сипатта, технология мен білім-ғылым бағыттары қарқын алып келеді. Соның ішінде энергетика саласы Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық өзегі және екіжақты қатынастардың ұзақмерзімнен бері дамып келе жатыр.
АҚШ компаниялары Қазақстанның мұнай-газ секторында жетекші рөл атқарып келеді. Әсіресе Chevron мен ExxonMobil Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарында басты инвесторлар, ал Halliburton, Baker Hughes, сияқты сервистік компаниялар саланың технологиялық және инженерлік дамуына үлес қосып отыр.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің деректері бойынша, АҚШ-тан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 1993 жылдан бері шамамен 61,2 млрд АҚШ долларын құрады, бұл елімізге тартылған барлық тікелей инвестициялардың 13%-дан астамын қамтиды. Соңғы бес жылда екі ел арасындағы өзара сауда көлемі екі есеге артты және 4,2 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіштер Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық серіктестіктің тұрақты дамып келе жатқанын және америкалық инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің жоғары екенін дәлелдейді.
Сонымен қатар екі ел цифрлық экономика, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік салаларында ынтымақтастықты кеңейтуде. Қазақстанда Американдық жоғары оқу орындарының филилалдары ашылуда, мысалы Қазақстанда ең алғаш болып бой көтерген шетелдік ЖОО филиалы – АҚШ-тың Аризона Университеті.
Бұл көрсеткіштердің бәрі Қазақстан мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенім мен стратегиялық серіктестікті тереңдетуге деген ортақ ұмтылысты айқын көрсетеді.
– Қазақстанға америкалық инвестицияларды көбірек тарту үшін не істеу қажет? Қай секторлардың болашағы зор деп ойлайсыз?
– Қазақстан мен АҚШ бүгінде өзара ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі, әсіресе энергетика, сирек металдарды игеру, цифрландыру, жасанды интеллект және көлік-логистика салаларында. Екі мемлекет дәстүрлі мұнай-газ серіктестігін жаңа технологиялар мен «жасыл экономика» бағыттарына көшіруге, сондай-ақ сирек элементтер мен минералдар өндірісін дамыту арқылы жаһандық жеткізу тізбегін әртараптандыруға ұмтылуда. Сонымен қатар цифрлық инновациялар мен логистикалық дәліздерді дамыту екі елдің экономикалық байланысын тереңдетіп, Қазақстанды өңірлік технологиялық және көлік хабына айналдыруға мүмкіндік береді.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі әлемдік геосаяси өзгерістер (мысалы, Қытайдың күшеюі, Ресейдің рөлі) АҚШ пен Қазақстан арасындағы серіктестік қатынастарға қалай әсер етуде? АҚШ үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы геосаяси серіктес ретіндегі маңызы қандай?
– Орталық Азия әрдайым АҚШ сыртқы саясатында маңызды өңір болып келген, ал қазіргі геосаяси жағдайда оның маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Қытайдың күшеюі, Ресейдің өңірлік ықпалы және жаһандық күш орталықтарының қайта бөлінуі АҚШ пен Қазақстан арасындағы серіктестікті тұрақтылық пен теңгерімді сақтау тұрғысынан одан әрі өзекті етті. Қазақстан бүгінде халықаралық аренада мойындалған орта держава (middle power) ретінде танылып отыр. Ол геосаяси алыптар арасындағы мүдделердің тепе-теңдігін сақтауда және өңірлік диалог пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан АҚШ үшін Орталық Азиядағы сенімді және жауапты серіктес, өңірлік тұрақтылық пен өзара байланыстылықты нығайтуға бағытталған бастамалардың негізгі қатысушысы болып табылады.
– Вашингтонда өтетін C5+1 форматындағы алдағы саммиттен қандай үміт күтесіз? Бұл алаңда Орталық Азия елдері үшін өзекті қандай мәселелер көтерілуі мүмкін? Саммитке Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы қандай мәнге ие?
– C5+1 форматы алғаш рет 2015 жылы іске қосылған болатын, ол АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы тұрақты саяси және экономикалық диалог алаңы ретінде қызметін атқарып келеді. Осы уақыттан бері бұл форматта жоғары деңгейлі біршама кездесулер өтті. Соңғы жылдары бұл кездесулердіңмазмұны айтарлықтай кеңейді деуге болады. Мәселен, тек сыртқы істер министрлері емес, үкімет, бизнес және инвестициялықұйымдар деңгейінде де байланыс орнап жатыр. Сондықтан C5+1 форматының ерекшелігі кешенді келіссөздер жүргізу мүмкіндігінде. Бір алаңда мемлекеттік органдар, ірі компаниялар және бизнес өкілдері өзара нақты жобаларды талқылау мүмкіндігіне ие болады. Бұл айқындалған көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, цифрландыру салаларындағы серіктестікті тереңдетудің тиімді құралы. Сонымен қатар биылғы қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 жылдығы аясында өткен Қазақстан – АҚШ бизнес кездесуі де осы бағыттағы маңызды қадам болды. Онда АҚШ-тың бірқатар жетекші компаниялары Қазақстан экономикасына зор қызығушылық танытты, соның ішінде Амазон, Мета, Ситигруп т.б. Сондықтан алда өтетін Вашингтондағы C5+1 саммитіне үлкен үміт артуға болар. Бұл кездесу қыркүйекте басталған келіссөздерді іс жүзінде жалғастырып, нақты инвестициялық және технологиялық жобаларға жол ашады деп ойлаймын. Сонымен қатар, АҚШ пен Қазақстан Президенттерінің қатысуы бұл форматқа жоғары саяси деңгей мен жаңа серпін береді. Екі ел басшыларының өзара ерік-жігері арқылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа сапалық деңгейге көтерілері сөзсіз.
– Жалпы, соңғы жылдары Қ. Тоқаев жүргізіп келе жатқан көпвекторлы саясаттың маңызын қалай сипаттар едіңіз? Бұл саясат қандай нәтижелер беріп отыр және ел дамуына қалай әсер етуде?
– Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты қазіргі геосаяси және экономикалық жағдайда ең тиімді және тұрақты дамуды қамтамасыз ете алатын бағыт екенін дәлелдеп отыр. Соңғы жылдары әлемдік экономикада құбылмалылық, тұрақсыздық күшейгеніне қарамастан, Қазақстан өз даму қарқынын сақтап қалды. 2025 жылы ел экономикасының өсімі шамамен 6% жуық болса, әлемдік экономикалық өсім 3% шамасында болды. Бұл айырмашылық Қазақстанның теңгерімді ашық сыртқы саясатының және әртараптандырылған халықаралық серіктестігінің нәтижесі. Жалпы көпвекторлы саясаттың басты ерекшелігіне Қазақстанның кез келген жаһандық актормен тең әрі өзара тиімді қатынас орната білуін жатқызар едім. Бұл тәсіл елдің экспорттық нарықтарын кеңейтуге, инвестициялық ағындардың салыстырмалы түрде тұрақтылығын қамтамасыз етті. Сондықтан экономикалық тұрғыдан алғанда, көпвекторлық бағыт Қазақстанға түрлі аймақтармен (АҚШ, ЕО, Қытай, Ресей, Түркия және Таяу Шығыс елдерімен) бір уақытта тиімді сауда, экономикалық, технологиялық және мәдени-гуманитарлық серіктестік орнатуға мүмкіндік берді.
Ал қауіпсіздік және аймақтық тұрақтылық тұрғысынан алып қарайтын болсақ, Қазақстанның теңгерімді ұстанымы тек жекелеген біздің мемлекет үшін ғана емес, күллі аймақ үшін ерекше маңызға ие. Елдің сабырлы және сындарлы дипломатиясы бүкіл Еуразия кеңістігінде тұрақтылықтың сақталуына үлес қосып отыр десек болатын шығар. Себебі қақтығыстар мен шиеленістер белең алған қазіргі кезеңде Қазақстан диалог пен бейбітшілік мәдениетін алға тартып, сенім мен тұрақтандырушы фактор ретінде мойындалып отыр. Бұл жәй сөз емес, күнделікті атқарылып жатқан нақты іс пен жауапкершіліктің нәтижесі. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі көпвекторлы саясаты прагматизм, көрегендіктің пен парасаттың үйлесімі. Себебі ол елдің экономикалық мүддесін қорғап қана қоймай, халықаралық беделін нығайтып, Қазақстанды тұрақтылық пен бейбіт дамудың мекеніне ретінде танытып келеді.