Қазақстан АӨСШК аясында экологиялық саммит өткізуге бастама жасады
Kazakhstan Energy Week 2025 және KAZENERGY XVI Еуразиялық форумы аясында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) Бас хатшысы Қайрат Сарыбай климаттың өзгеруі мен орнықты энергетика мәселелеріне қатысты Азия аймағының негізгі басымдықтарын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ШЫҰ мен Араб мемлекеттері лигасының жоғары деңгейдегі "Климаттың өзгеруі және орнықты энергетика" сессиясында сөйлеген сөзінде Қайрат Сарыбай климаттық күн тәртібі мен жасыл энергетиканы дамыту – АӨСШК қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі екенін айтты. Бұл бағыттар энергия қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау шараларымен қатар алдыңғы қатарда тұр.
Климаттың өзгеруі мен орнықты энергетика арасындағы байланыс – қауіпсіздік пен трансформацияның қозғаушы күші. АӨСШК жаңартылатын энергия көздері мен заманауи технологияларға ие елдерді біріктіре отырып, өңірлік әріптестік үшін көпір қызметін атқарады, – деді ол.
Сарыбайдың айтуынша, АӨСШК инклюзивті диалогты және әділетті энергетикалық көшу моделін қолдайды. Бұл – дамушы елдердің даму қажеттіліктері мен климаттық мақсаттарын тең ұстауға бағытталған тәсіл.
Ол Қазақстанның 2021 жылы жасыл технологиялар мен ЖЭК бойынша халықаралық конференция ұйымдастырғанын, Қытаймен бірлесіп сутегі энергиясы және төмен көміртекті даму бойынша семинарлар өткізілгенін еске салды.
Сондай-ақ 2024 жылы Астанада экология бойынша алғашқы министрлік конференция өтіп, Париж келісімі мен Тұрақты даму мақсаттарын қолдау туралы мәлімдеме қабылданғанын атап өтті.
Бас хатшы Сарыбай климаттық дипломатия, су тапшылығы, шөлейттену және энергетикалық инфрақұрылымды қорғау мәселелеріне тоқталып, АӨСШК осы бағытта бейімделу стратегиясын, су ресурстарын басқаруды, инфрақұрылымның төзімділігін арттыруды, қаржы институттары және жеке инвесторлармен әріптестікті кеңейтуді қолдайтынын жеткізді.
Сөз соңында ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өңірлік экологиялық саммит өткізу туралы ұсынысына тоқталып, бұл бастама климаттық өзгерістерге қарсы күш біріктіру жолындағы тарихи алаңға айналуы тиіс екенін айтты.
Бакудегі COP-29 нәтижелері климаттық әрекеттерге деген ортақ жігерімізді арттыра түсті. Шын мәнінде, орнықты болашақ – бірлескен күш-жігерді, инклюзивті дамуды және тұрақты инвестицияны талап етеді, – деді Қайрат Сарыбай.