Қазақстан алғашқы Ай кеңістігін бақылайтын телескопты 2029 жылға дейін құрастыруды жоспарлап отыр
Қазақстан ғалымдары Ай орбитасында жұмыс істейтін алғашқы отандық телескопты жасап, халықаралық ғарыш жобаларына қатысуды көздеп отыр.
Қазақстан Жер – Ай жүйесін зерттеуге қатысу аясында және алыс ғарышты (Deep Space) игеру бағытында ғылыми-техникалық әлеуетін қалыптастыру мақсатында жаңа буындағы алғашқы отандық окололуналық телескопты әзірлеуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоба В. Фесенков атындағы Астрофизика институты мен Ghalam кәсіпорны мамандарының бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр. Аэрокосмостық комитет төрағасының орынбасары Алан Казкенов бұл бастаманы ел үшін серпінді жоба деп атады.
Оның айтуынша, бұл телескоп Қазақстанға ірі халықаралық ғарыштық бағдарламаларға қатысуға жол ашады.
Қазіргі таңда әлемде «екінші ай жарысы» жүріп жатыр. Жетекші мемлекеттер Айды игеру бағытында бәсекеге түсіп жатқанда, қазақстандық ғалымдар мен инженерлер Ай орбитасында жұмыс істейтін заманауи телескоп жасауды стратегиялық мақсат ретінде белгілеп отыр.
Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында іске асырылуда. Телескоп орнатылатын автоматты станция құрамында бірнеше шағын апертуралы инфрақызыл камералар болады. Олар ғылыми тұрғыдан ең маңызды деректерді жинауға мүмкіндік береді.
Қазақстан 2024 жылы Қытай бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Халықаралық ай ғылыми станциясы жобасына қосылды. Бұл бағдарламаға 13 ел қатысуда. Сонымен қатар АҚШ-тың Artemis миссиясы аясында 60-тан астам мемлекет бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Алдағы кезеңде адамзаттың негізгі мақсаты – Айда тұрақты жұмыс істейтін станция құру.
Алдын ала жоспарға сәйкес, 2026 жылы жобаның зерттеу кезеңі аяқталады. Бұл кезеңде телескоптың ғылыми міндеттері айқындалып, орбита параметрлері мен техникалық шешімдер есептеледі. Ал 2027–2029 жылдары инженерлік үлгісі жасалып, жердегі сынақтар жүргізіледі.
Жаңа телескоп ғарыштағы әмбебап бақылау құралына айналмақ. Ол Айға бағытталған аппараттардың қозғалысын қадағалап, метеориттердің құлауын тіркейді, соның ішінде Айдың көрінбейтін бетінде болатын құбылыстарды да бақылауға мүмкіндік береді. Бұл болашақ ай миссияларының қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Ғалымдардың айтуынша, Айдың полярлық аймақтары ерекше маңызға ие. Себебі бұл өңірлерде мұз бар екені анықталған. Мұз – болашақта су мен оттегі алудың көзі.
Спикердің айтуынша, Қазақстан бұл жобаға бірден келген жоқ. 2015–2022 жылдары елде астрофизикалық инфрақұрылым белсенді дамыды. Ассы-Түрген обсерваториясында 10 жаңа немесе жаңғыртылған телескоп орнатылды. Оның үшеуі толықтай отандық мамандардың қолымен жасалған.
Сонымен қатар Қазақстан жаңа байланыс спутнигін әзірлеуге дайындалып жатыр. Жерді қашықтан зондтауға арналған үш коммерциялық аппарат құру жобасы да жүзеге асырылуда.
Жалпы, ғарыш саласы Қазақстан экономикасының маңызды бөлігіне айналып келеді. Бұл бағыт технологиялық дамудың негізгі драйверлерінің бірі саналады.
Салада толыққанды экожүйе қалыптастыру көзделіп отыр. Оның ішінде ғылыми зерттеу, өндіріс, ұшыру қызметтері және коммерциялық пайдалану кезеңдері қамтылады.
Астанада орналасқан ғарыш аппараттарын жинау-сынау кешені Орталық Азияда теңдесі жоқ нысан саналады. Мұнда салмағы 6 тоннаға дейінгі аппараттарды толық цикл бойынша сынақтан өткізуге болады.
Қазіргі таңда спутник өндірісіндегі отандық үлес 30 пайызға жуықтап отыр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түседі.
Сонымен қатар Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағын тиімді пайдалану және жаңғырту бағытында жұмыс істеп жатыр. Ел Ресеймен бірлесіп Бәйтерек зымыран кешенін дамытуда. Бұл жоба арқылы 17 тоннаға дейінгі жүкті төменгі орбитаға шығару жоспарланған.
Ғарыш саласының экономикалық қайтарымы негізінен қызмет көрсету кезеңінде қалыптасады. Бүгінде Қазақстан үш жерсерік арқылы жыл сайын 40 млн шаршы шақырым аумақты қамтитын деректер ұсынады.
Бұл мәліметтер сегіз мемлекеттік органның жұмысында қолданылады. Ғарыштық мониторинг қызметінің жалпы экономикалық әсері 700 млрд теңгеден асты.
Салада туризм бағыты да дамып келеді. Байқоңыр кешеніне экскурсиялар ұйымдастырылып, Тянь-Шань обсерваториясы жаңғыртылуда. Бұл жерде ғылыми туризм мен музей құру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда ғарыш саласына мамандарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Satbayev University, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Nazarbayev University сияқты жетекші жоғары оқу орындары дайындайды.
Қазақстан халықаралық деңгейде де белсенді. Ел БҰҰ-ның Ғарышты бейбіт мақсатта пайдалану комитеті мен Халықаралық астронавтикалық конгресс аясындағы процестерге қатысып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, ғарыш технологияларын бейбіт мақсатта дамыту Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызға ие.