Қазақстан алғаш рет SIAL Paris 2026 көрмесінде май өнімдерін таныстырды
Көрмеге қатысу май өнімдерінің экспортын дамыту жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы аясында жүзеге асырылуда.
17-21 қазан аралығында Парижде өтіп жатқан SIAL Paris 2026 халықаралық азық-түлік көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильоны ұсынылды. Отандық өндірушілер күнбағыс, соя, рапс және басқа да өсімдік майларын, шрот, күнжара мен күнбағыс қауызы негізінде өндірілетін отын түйіршіктерін таныстырды.
Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының мәліметінше, соңғы төрт жылда Еуропалық одақ пен Норвегияға өсімдік майлары, шрот және күнжара экспорты екі есе өскен. 2025/2026 маркетингтік маусымда жеткізілім көлемі 114 927 тоннаға жетті.
Ал күнбағыс қауызы негізінде өндірілетін отын түйіршіктерінің Еуропалық одаққа экспорты 2023 жылғы 1 135 тоннадан 2025 жылы 33 418 тоннаға дейін өсті.
Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова ұлттық павильонға барып, отандық өнімдерді Еуропа нарығында ілгерілету мәселелерін талқылады.
Көрмеге қатысу май өнімдерінің экспортын дамыту жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Құжат бойынша 2028 жылға қарай саланың жыл сайынғы экспорттық кірісін 1,5 млрд АҚШ долларына жеткізу және Қазақстанды күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші төрт елдің қатарына қосу жоспарланған.