Қазақстан алғаш рет халықаралық шахмат федерациясына басшылық етті
Тимур Турлов ФИДЕ президенті болып сайланды
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті болып сайланды.
Сайлау ФИДЕ-нің Самарқандта өткен Бас ассамблеясында өтті. Екінші турда Тимур Турловтың кандидатурасын 110 делегат қолдаса, оның қарсыласы Вадим Розенштейн 85 дауыс алды.
Осылайша, ФИДЕ тарихында алғаш рет ұйымды Қазақстан өкілі басқаратын болды. Турловпен бірге федерацияның басқарушы командасына шахматтан бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Ананд та кірді. Ол президенттің орынбасары қызметін атқарады.
Сайлаудың бірінші кезеңіне үш кандидат қатысты. Турлов 96 дауыс, Розенштейн 76 дауыс, Ян Хенрик Бюттнер 20 дауыс жинады. Тағы төрт бюллетень жарамсыз деп танылды. Бірінші турда жеңіске жету үшін 101 дауыс қажет болғандықтан, ең көп дауыс жинаған екі кандидат екінші турға өтті.
Дауыс беру алдында кандидаттар өз бағдарламаларын таныстырып, ФИДЕ-нің болашағына қатысты көзқарастарын ортаға салды. Турлов өз сөзінде тек кәсіби шахматшылар мен ірі турнирлерге ғана емес, шахматты бұқаралық деңгейде дамытуға да көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
«ФИДЕ ұлттық федерациялар мен шахмат ойнайтын адамдар үшін жұмыс істейді. Ал шахмат әлемі чемпиондар мен турнирлерден әлдеқайда ауқымды. Оның негізі ең төменгі деңгейден басталатын дамуда», – деді ол.
Турлов Қазақстандағы шахматтың дамуына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері «Білім берудегі шахмат» жобасы 42 мектептен 2,5 мыңнан астам мектепке дейін кеңейген. Осы кезеңде қазақстандық шахматшылар жүздеген медаль жеңіп алды. Әйелдер құрамасы Будапештте өткен Олимпиадада күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда әлем чемпионы атағы үшін матч, рапид және блицтен әлем чемпионаты және басқа да халықаралық жарыстар ұйымдастырылды.
Турловтың негізгі ұсыныстарының бірі – төрт жылға 28 млн доллар көлемінде Даму қорын құру. Қаражатты ұлттық федерациялармен бірлесіп бөлу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ол жылына 1,5 млн доллар көлемінде медиа қорын құруды ұсынды. Бұл қор ұлттық федерациялардың демеушілер мен үкіметтер үшін танымалдығын арттыруға көмектесуі тиіс.
ФИДЕ-нің жаңа басшысы ұйымды заманауи әрі цифрлық тұрғыдан дамытуға, сондай-ақ жаңа халықаралық серіктестер тартуға ниетті екенін айтты.
«ФИДЕ бизнеске айналмауы керек. Серіктестік қарым-қатынастар біздің әрі қарай дамуымыз үшін қажет», – деп атап өтті Турлов.
Турловпен бірге сөз сөйлеген Вишванатан Ананд оның халықаралық бизнес, технология және ірі ұйымдарды басқару саласындағы тәжірибесін атап өтті.
«Менің бүкіл кәсіби өмірім шахматпен байланысты болды, ал Тимур Турлов халықаралық бизнес, технология және ірі ұйымдарды құру тәжірибесін алып келеді. Біздің тәжірибеміз бір-бірімізді толықтырады», – деді Ананд.
Жеңістен кейін Турлов жаңа қызметтегі басты міндеттерінің бірі шахмат қауымдастығын біріктіру және ұлттық федерациялар арасындағы диалогты дамыту екенін айтты.
«Мен ФИДЕ-ге қазақстандық тәсілді де енгізгім келеді: барлығымен өзара құрмет негізінде сөйлесіп, ең күрделі мәселелердің өзін шешудің жолдарын бірге табу», – деді ол.
ФИДЕ-нің жаңа басшылығының өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды. Турлов алдағы мақсаттардың қатарында федерацияның цифрлық құралдарын одан әрі дамыту, ұйымның кәсіби деңгейін арттыру және шахматты Олимпиада бағдарламасына жақындатуды атады.