Қазақстан әлемге МСАК-ты нығайтудағы тұжырымдамадан іс-қимылға көшудің үлгісін көрсетуде – Ханс Клюге

Алматы, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және Қазақстанға үш күндік ресми сапармен келген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге БҰҰ-ның Алматыдағы офисінде "ДДҰ-ның МСАК жөніндегі еуропалық орталығының тұжырымдамасына, стратегиясына және жетістіктеріне" арналған "дөңгелек үстелде" негізгі баяндамаларымен сөз сөйледі.

Ажар Ғиният іс-шараны аша отырып, Қазақстан үшін, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін де денсаулық сақтаудың болашағы маңызды екенін атап өтті, өйткені тұрақты даму саласындағы № 3 мақсат барлық адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайту қажеттілігін білдіреді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы ДДҰ елдік кеңсесінің Қазақстан Үкіметімен нәтижелі ынтымақтастығы туралы айтып, қоғамдық денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерін шешуде техникалық, консультациялық және әдіснамалық қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Министр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына пандемия кезінде медициналық құралдар мен жабдықтар, тесттер, ақпараттық материалдар, жеке қорғаныс құралдары түрінде көрсетілген техникалық және гуманитарлық көмек үшін алғысын білдірді.

А. Ғинияттың айтуынша, коронавируспен күрестің күрделі кезеңінде ДДҰ қолдауымен денсаулық сақтаудың 6000 ұлттық маманы оқытылды, денсаулық сақтау, эпидемиология, зертханалар, тәуекелдер туралы ақпараттандыру, симуляциялық жаттығулар және т. б. салаларда ТЖ ден қою бойынша қосымша мамандар тартылды.

Ажар Ғиният халықтың медициналық-әлеуметтік көмекке қол жеткізу ісінде МСАК дамытудың ерекше рөлін атап өтіп, пациентке бағдарланған модельді одан әрі енгізуге назар аударды.  

Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі емделушіге және адамдарға бағдарлануы тиіс. Біз мұндай модельдерді көреміз. МСАК жүйесі іс жүзінде пациенттерді ауруларды басқару бағдарламаларына тарту жағына қарай өзгереді, онда науқас пен дәрігер өз күш-жігерін біріктіреді. Ол үшін мобильді қосымшаларды, денсаулық жағдайын бақылауға арналған жабдықты пайдаланамыз, біздің міндетіміз - пациенттер үшін өз хал-жағдайын жақсы бақылауға, дәрігерлік тағайындауларды ұстануға ынталандыру жасау, - деді Қазақстан денсаулық сақтау министрі.

Қазақстан әлемге медициналық-санитарлық алғашқы көмекті нығайтудағы тұжырымдамадан іс-қимылға көшудің үлгісін көрсетіп отыр. Қазақстан көптеген елдер үшін эталонға айналды. Біздің қазіргі рөліміз - барлық елдер осы жетістіктердің білімі мен тәжірибесімен алмасудан пайда көре алады, - деді Еуропалық ДДҰ басшысы.

Доктор Клюге Қазақстан Үкіметіне осы жаңашыл жұмысты қолдағаны үшін алғыс айтты.

2016 жылы ДДҰ мен Қазақстан бірлесіп ДДҰ-ның медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Еуропалық орталығын құрды. Соңғы екі жылда біздің жұмысымыз айтарлықтай жеделдеді. Біз өңірдің 20-дан астам елін медициналық-санитарлық алғашқы көмекті нығайту бойынша техникалық ұсыныстармен қолдаймыз. Біз саяси ұсыныстар береміз және елдер арасында халықаралық алмасуды ұйымдастырамыз. Бүгін біз осы орталықтың соңғы екі жылдағы жұмысын қорытындылап, бірлескен жұмысымызды қалай күшейту керектігін талқылаймыз, - деп түйіндеді ДДҰ өңірлік бюросының директоры.

Іс-шара барысында ДДҰ ГҚК жұмысының қорытындысы шығарылып, оны одан әрі дамыту перспективалары анықталды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы