Қазақстан әлемдегі санаулы елдердің қатарына енді: Астанада алғашқы аэротакси таныстырылды
Қазақстан қалалық әуе мобильділігіне құқықтық негіз қалыптастырған санаулы елдердің қатарына енді. Астанада алғашқы аэротакси таныстырылды.
Қазақстан қалалық әуе мобильділігін (Urban Air Mobility) дамытуға арналған заңнамалық базаны қабылдаған әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарына енді. Бұл туралы Астанада өткен аэротаксидің демонстрациялық ұшуында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев мәлімдеді.
Елордада өткен іс-шара барысында көпшілікке Қазақстандағы алғашқы аэротаксидің сынақ ұшуы көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба инновациялық технологияларды көлік жүйесіне енгізу жолындағы маңызды қадам саналады.
Президент көмекшісі бүгінде бұрын ғылыми фантастика болып көрінген технологиялардың нақты өмірге еніп жатқанын атап өтті.
Бүгін біз осы уақытқа дейін тек болашақтың тұжырымдамасы ретінде қарастырылып келген технологияның нақты жобаға айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл – қалалық көлік жүйесін, инфрақұрылымды және азаматтардың өмір сүру сапасын өзгерте алатын жаңа кезеңнің бастауы, – деді Қуанышбек Есекеев.
Оның айтуынша, озық әуе мобильділігі тек жаңа көлік түрі емес. Ол жасанды интеллект, спутниктік навигация және әуе қозғалысын интеллектуалды басқару жүйелерімен біріктірілген цифрлық экожүйенің бір бөлігі болмақ.
Сонымен қатар, Қазақстан бұл бағытты дамыту үшін қажетті құқықтық негізді қалыптастырған мемлекеттердің қатарында. Президент көмекшісі бұл болашақта инновациялық көлік технологияларын сынақтан өткізуге және енгізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Іс-шара барысында Кореядан әкелінген ұшқышсыз әуе көліктерінің қозғалысын басқаруға арналған UTM (Unmanned Traffic Management) жүйесі де таныстырылды. Оның көмегімен дрондар мен аэротаксилердің әуе кеңістігіндегі қозғалысын қауіпсіз ұйымдастыру көзделіп отыр.
Қуанышбек Есекеев қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталды.
Бұл бағытты дамытудағы басты басымдық – қауіпсіздік. Біз әуе көліктерінің технологиялық сенімділігін, цифрлық инфрақұрылымның қорғалуын және ақпараттық қауіпсіздікті толық қамтамасыз етуіміз қажет, – деді ол.
Президент көмекшісі сөз соңында алғашқы пилоттық жобаның жүзеге асуына үлес қосқан Alatau Advanced Air Group компаниясына, инженерлерге, инвесторларға және мемлекеттік органдардың өкілдеріне алғыс білдірді.
Оның пікірінше, бүгінгі демонстрациялық ұшу – Қазақстанда болашақ көлік технологияларын дамытуға бағытталған үлкен бастаманың алғашқы қадамы.
Еске салайық, Астанада өткен шара барысында Қазақстандағы алғашқы аэротаксидің демонстрациялық ұшуы ұйымдастырылды. Жоба қалалық әуе мобильділігін дамытуға және болашақта жаңа буын көлік жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Еске салсақ, бұған дейін Alatau City-де аэротакси сыналған болатын. Сол кезде 2028 жылға дейін 6 вертипорт салынатыны хабарланды.
Сондай-ақ, Үкімет Alatau City-дегі аэротакси тарифіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.