27 Тамыз 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ

Қазақстан әлемде санаулы кәсіпорын ғана өндіретін қандай өнімдер шығарады? – Министрлік жауап берді

Қазақстанда өндірілетін бірқатар сирек және стратегиялық металдарға шетел нарығында сұраныс жоғары. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі BAQ.KZ тілшісінің елімізде өндірілетін сирек әрі бірегей өнімдер туралы сауалына жауап берді.

Министрліктің мәліметінше, сирек металдар өндірісіне маманданған негізгі кәсіпорындардың қатарында «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ және «Жезқазғанредмет» РМК бар.

«Қазақстандық титан жетекші аэроғарыш саласы және автомобиль жасау компаниялары тарапынан жоғары бағаланады. «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ бериллий, тантал және ниобий өндіретін әлемдегі төрт кәсіпорынның бірі. Ал «Жезқазғанредмет» РМК рений өндіреді», – деп жауап берді министрлік.

Сонымен қатар «Қазцинк» кәсіпорнында мырыш концентратын өңдеу кезінде висмут пен сурьма ілеспе түрде алынады. Ал «Қазақмыс корпорациясында» мыс концентратын өңдеу барысында селен мен мыс теллуриді өндіріледі.

Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай металдар жоғары температураға төзімділігімен, беріктігімен және өзге де ерекше физикалық-химиялық қасиеттерімен ерекшеленеді. Мәселен, бериллий атом энергетикасында, электроника мен аэроғарыш өнеркәсібінде қолданылады. Тантал мен ниобий электроника, металлургия және басқа салаларға арналған арнайы материалдар мен бұйымдар өндірісінде пайдаланылады.

Қазақстанда терең өңделген өнім де шығарылады

Министрлік Қазақстанда титан, бериллий, тантал, ниобий және басқа да стратегиялық әрі сирек металдар негізінде терең өңделген өнімдер өндірілетінін хабарлады.

Атап айтқанда, титан құймалары мен қорытпалары, бериллий қолалары мен лигатуралары, тантал және ниобий ұнтақтары, прокат, сым және дайын бұйымдар шығарылады. Бұл өнімдер аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібінде, электроникада, атом энергетикасында, медицинада, машина жасау мен химия өнеркәсібінде қолданылады.

Соңғы екі жылда қандай жаңа өнімдер пайда болды?

Ведомство дерегінше, соңғы екі жылда отандық өндіріс тағы бірнеше жаңа өніммен толыққан.

«Ванадий пентаоксиді – «Балауса фирмасы» ЖШС-де, техникалық селен – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-де, ал жоғары тазалықтағы марганец сульфатының моногидраты «Taza Metal Technologies» ЖШС-де өндірілуде», – деп жауап берді министрлік.

Бұл өнімдердің бір бөлігі баламалы энергетика саласында қолданылады. Селен күн панельдерін өндіруге, ал марганец электромобиль өндірісіне қажет.

Негізгі нарықтар – Қытай, Еуропа және АҚШ

Министрлік мамандандырылған металлургиялық өнімнің едәуір бөлігі сыртқы нарыққа бағытталатынын мәлімдеді. Қазақстанның металлургиялық және жоғары технологиялық өнімдері Қытайға, Еуропа елдеріне, АҚШ-қа, Ресейге және басқа мемлекеттерге экспортталады.

Сирек өнім өндіретін кәсіпорындар үшін негізгі мәселелердің бірі – өнімнің өзіндік құны. Оған импорттық шикізат пен реагенттердің бағасы да әсер етеді.

Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп шикізатты терең өңдеуді ынталандыратын тарифтік және тарифтік емес шаралар қарастырылып отыр. Оның ішінде дайын өнім шығаруға қажетті шикізат пен реагенттердің импорттық бажын төмендету, сондай-ақ сирек және сирек жер металдарынан жасалған дайын өнімдерге экспорттық бажды нөлге дейін түсіру көзделген.