Қазақстан агросекторы: азық-түлік қауіпсіздігі мен өңірлік тұрақтылықтың жаңа драйвері

Қазақстан ауыл шаруашылығы кешенін жүйелі түрде дамытып, оны өңірлік тұрақтылық пен жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің тірегіне айналдырып келеді. Ел аграрлық өндірісті әртараптандыру, терең өңдеуді жолға қою, климаттық тұрақтылыққа бейімделу және экспорт географиясын кеңейту арқылы агросекторда жаңа экономикалық серпіліс жасауда. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы жетістіктер, органикалық өнім өндірісінің өсуі, майлы дақылдарды өңдеудегі серпін, су ресурстарын үнемдеу және көміртекті егіншілікке көшу – осының бәрі Қазақстанның агроөнеркәсібін болашаққа лайық, экологиялық әрі инвестициялық тұрғыдан тартымды салаға айналдырып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азық-түлік қауіпсіздігі: Қазақстанның аграрлық нарығы инвесторлар үшін неге тартымды?

Геосаяси тұрақсыздықтың күшеюі, климаттық өзгерістер мен логистикалық тізбектердің осалдығы жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі әлем елдерінің басым міндеттерінің біріне айналды. Орталық Азиядағы аумағы жағынан ең ірі ел әрі аграрлық держава ретінде күшейіп келе жатқан Қазақстан үшін бұл сын-қатер агроөнеркәсіптік кешенді ауқымды жаңғырту арқылы шешілуде. Мақсат – ішкі нарықты азық-түлікпен жеткілікті әрі тұрақты қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті арттыру және ауыл шаруашылығының орнықты, әртараптандырылған әрі экологиялық қауіпсіз жүйесін құру.

Соңғы жылдары Қазақстан аграрлық саланы жан-жақты түрлендіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ішкі өндіріс көлемі өсіп, механикаландыру деңгейі артып, қосылған құны жоғары өнімдердің экспорты көбейіп жатыр. Оның нақты нәтижелері де байқалуда: ел негізгі азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жетті, агроөнім экспортының көлемі артуда, ал аграрлық саясат климаттың тұрақтылығы мен “жасыл” экономика қағидаттарымен тығыз байланыса бастады. Инвесторлар мен халықаралық әріптестер үшін Қазақстан өңірдегі тұрақтылық нүктесі және жаңа мүмкіндіктер орталығына айналып келеді.

Сауда аренасындағы жаңа ойыншы

Қазақстан агроөнім экспортын географиялық тұрғыда белсенді түрде кеңейтіп келеді. Соңғы бес жылда (2020-2024 жж.) АӨК өнімдерінің экспорты 51%-ға өсіп, 3,4 млрд доллардан 5,1 млрд долларға жетті және бұл өнімдер әлемнің 66 еліне жеткізілді. Экспорттың 52%-дан астамын қосылған құны жоғары өнімдер құрап отыр. Бұл – саладағы құрылымдық өзгерістердің айқын дәлелі.

Ең жоғары өсім өсімдік шаруашылығы саласында байқалып жатыр. Қазақстан Қытай, Түркия, Иран, Әзербайжан елдерімен жаңа фитосанитариялық келісімдер жасасып, майлы дақылдар, бұршақ тұқымдастар мен дәнді дақылдарды экспорттауды бастады. Мысалы, енді қазақстандық өндірушілер Қытайға сафлор күнжарасын, жасымық пен рапс экспорттай алады. Күріш, мақта, бақша өнімдері мен қарбызды шетел нарығына шығаруға қатысты келіссөздер жүріп жатыр.

Егін өнімділігін арттыру үшін елде агротехнологиялар белсенді енгізіліп жатыр. Соңғы екі жылда тыңайтқыш пайдалану көлемі 1,9 есеге артты. Элиталық тұқымдарды қолдану көбейіп, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үдерісі жеделдеуде. Өсімдік шаруашылығын қолдау және техниканы жаңғырту үшін жеңілдетілген несие өнімдері ұсынылып отыр. Қолайлы ауа райы мен заманауи агротехнологияларды қолданудың арқасында Қазақстан 2024 жылы 25 млн тоннадан астам астық, 3,3 млн тонна майлы дақыл және 640 мың тонна бұршақ тұқымдас дақыл жинады.

Күнбағыс табысының тарихы

Қазақстандағы аграрлық трансформацияның ең жарқын мысалдарының бірі майлы дақылдарды, әсіресе күнбағысты өңдеу саласы болды. Күнбағыс майы мен күнжарасын өндіру бағытындағы серпінді дамуға майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының қолдауы зор әсер етті. Соның арқасында Қазақстан бұл табысты нарық сегментінде жаһандық деңгейдегі маңызды ойыншыға айналды.

Соңғы үш маркетингтік жылда елдегі күнбағыс майын өндіру көлемі 2,5 есеге, ал оның экспорты 5 есеге жуық артты. 2023-2024 жылдары Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы елдер арасында әлем бойынша 8-орынға ие болып, Еуропалық одаққа күнжара жеткізу бойынша алғашқы үштікке енді.

Сарапшылардың болжамы бойынша, орта мерзімді перспективада Қазақстан әлемдегі күнбағыс майының ең ірі үш экспорттаушысының қатарына еніп, жыл сайын бұл саладан 2 млрд АҚШ долларына дейін табыс таба алады. Ішкі нарық күнбағыс майымен толық қамтамасыз етілген, ал Қазақстан Орталық Азия елдері үшін негізгі жеткізушіге айналып келеді.

Қытай нарығы ерекше тартымды бағыт болып отыр. Бұл ел жыл сайын 18 млн тоннадан астам өсімдік майы мен шроты өнімдерін импорттайды. 2024 жылы Қазақстан Қытайға 275 мың тонна майлы өнім экспорттап, 205 млн доллар табыс тапты. Бұл екі жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,5 есе жоғары. 2023 жылы Қытайдың кеден қызметімен жаңа санитарлық хаттамаға қол қойылғаннан кейін 30-дан астам қазақстандық кәсіпорынға экспорт жасауға рұқсат берілді, бұл болашақта экспортты одан әрі кеңейтуге жол ашты.

Астықты терең өңдеуге бағытталған бетбұрыс

Әлемдік аграрлық нарық барған сайын бәсекеге қабілетті бола түскен кезде Қазақстан тек шикізатты экспорттауға ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға да басымдық беріп отыр.

Бүгінде астықты терең өңдеу жұмыстары бірнеше өңірде шоғырланған: Солтүстік Қазақстанда бидайдан глютен мен биототықтырғыш өндіріледі, Алматы және Жетісу облыстарында жүгеріден крахмал мен оның туындылары жасалады. Келесі жобалар Қостанай мен Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында іске қосылады. Бұл өңірлерде әртүрлі өнім түрлері өндірілмек: лизин, глютен, биоэтанол, глюкоза-фруктоза шәрбаты және крахмал өнімдері.

Қазақстан терең өңдеу саласына мемлекеттік қолдауды күшейтті: инвестициялық субсидия нормативі 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылды. Мұндай шаралар терең өңдеу өндірісінің жедел дамуына ықпал етіп отыр, ал бұл салада шығарылатын өнімнің негізгі бөлігі экспортқа бағытталған.

Мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту

Қазақстанда мал шаруашылығы секторы да қарқынды дамуда: 3 500-ден астам қазақстандық кәсіпорын шетелдік импорттаушылардың тізіміне енгізілген. Халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай экспорттық арналар белсенді түрде кеңейтіліп жатыр.

Экспорттық әлеуеті жоғары бағыттардың бірі – қызыл ет. Қазақстанда оны “қызыл алтын” деп атайды. Сиыр еті мен қой етіне Қытайда, Таяу Шығыс елдерінде және басқа да бірқатар мемлекеттерде тұрақты сұраныс бар. Құс және мал шаруашылығының жанама өнімдерінің де экспорттық әлеуеті зор, әсіресе Қытай бағыты бойынша, мұнда жаңа логистикалық шешімдер пысықталып жатыр.

Қазақстандық ет жоғары сапасымен, табиғи дәмімен және бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленеді, әсіресе салқындатылған премиум сегментінде. Елде 180 млн гектар жайылым және көшпелі мал шаруашылығына қолайлы жағдай бар, бұл ет өндірісін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан етті 8 елге экспорттайды. Тек 2025 жылдың алғашқы бес айында шетелге шамамен 40 мың тонна ет өнімі жөнелтілді және жаңа нарықтарға шығу жұмыстары жалғасып келеді.

Экспортты ұлғайту ветеринариялық бақылаудың қатаң болуын талап етеді. Бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеушілік бар: өнімді бақылау жүйесі жақсарды, ветеринариялық қызмет инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Ел бойынша зертханалық жабдықтар жаңартылып, ветеринариялық бекеттер салынуда, мал шаруашылығы өнімдерін қадағалаудың цифрлық жүйелері енгізілуде.

Органикалық өнім – жаңа нарықтық мүмкіндік

Органикалық өнім өндірісі де – келешегі зор бағыттардың бірі. Органикалық бидай, зығыр, соя, бұршақ, жасымық және емдік шөптерге деген сұраныс тұрақты. Қазақстан Германия, Швеция, Бельгия, Чехия және басқа да елдерге экспорттық арналар құрған.

Мысалы, 2023 жылдың өзінде Еуроодақ пен АҚШ-қа 26 мың тоннаға жуық өнім – майлы, дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдар экспортталды. Бүгінде Қазақстанда халықаралық стандарттармен сертификатталған 60-тан астам органикалық өнім өндіруші жұмыс істейді.

Бұл салада өсудің әлеуеті де зор. Органикалық ауыл шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу институты (FiBL) және Экологиялық ауыл шаруашылығы қозғалыстарының халықаралық федерациясы (IFOAM) ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылы Қазақстанда органикалық стандарттарға сай сертификатталған жер көлемі 200 мың гектарға жеткен. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 114 мың гектар ғана болған. Бұл фермерлердің органикалық өндіріске деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді, демек Қазақстанның жаһандық нарыққа органикалық өнім экспорттау әлеуеті де өсіп келеді.

Тұрақты ауыл шаруашылығын құру

Климаттың өзгеруі – ауыл шаруашылығы үшін ең күрделі ұзақ мерзімді сын-қатерлердің бірі. Температураның көтерілуі, жауын-шашынның тұрақсыздығы мен топырақтың тозуы өнімділікке және агрожүйенің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Қуаңшылық, су тасқыны және зиянкестердің көбеюі жиілеп барады.

Осыған жауап ретінде Қазақстан 2030 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың тұжырымдамасын іске асыруда. Бұл құжат елдің “жасыл экономика” стратегиясымен және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатымен үйлестірілген. Тұжырымдамада тұрақты әдістерге, дақылдар мен ресурстарды әртараптандыруға ерекше назар аударылған.

200 млн гектар ауыл шаруашылығы жері бар Қазақстан көміртекті егіншілікті дамытуда зор әлеуетке ие. Қазіргі кезде 27 млн гектар жайылым деградацияға ұшыраған, ал 29 млн гектар жер эрозияға бейім. Сондықтан шөлейттенуге қарсы күрес күн тәртібіне шықты. Елде топырақта көміртекті сақтау бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылып жатыр және алғашқы нәтижелер бұл бағыттың перспективалы екенін көрсетеді.

Сондай-ақ бүкіл ел бойынша топырақ деректерін қамтитын нормативтік база мен бірыңғай ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Бұл көміртекті егіншілік саласына ерікті нарықтар мен халықаралық келісімдер аясында халықаралық инвестиция тартуға негіз болады. Барлық осы шаралар ресурсты үнемдейтін, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әдістерге негізделген тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Тағы бір маңызды бағыт – су үнемдейтін технологияларды енгізу. Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 1,5 млн гектар суармалы жер бар. Тек 2024 жылы су үнемдеу технологиялары 150 мың гектарға енгізілді және алдағы үш жылда осы қарқынды сақтау жоспарланып отыр. Бұл мақсатта аграршылардың шығындарын өтеу және жеңілдетілген несие беру шаралары енгізілген.

Қорытынды

Қазақстан ауыл шаруашылығы терең өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап механикаландыруға, майлы дақылдарды экспорттау бойынша көшбасшылыққа және климатқа төзімді әдістерге көшуге дейін ел жаһандық деңгейде сенімді, экологиялық және бәсекеге қабілетті азық-түлік жүйесінің негізін қалап жатыр.

Халықаралық инвесторлар үшін Қазақстан бірегей артықшылықтар ұсынады: ауқымды мүмкіндіктер, мемлекеттік қолдау, тиімді географиялық орналасуы және толық игерілмеген әлеует – әсіресе қайта өңдеу, агротехнологиялар және логистикалық инфрақұрылым саласында. Әлемдік азық-түлік тұрақсыздығы жағдайында Қазақстанның аграрлық саласындағы трансформация тек ұлттық басымдық емес, сонымен қатар өңірлік тұрақтылықтың тірегі мен бүкіл әлем үшін жаңа мүмкіндіктер терезесі.

Бүгінде Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80 еліне экспорттайды. Ал 2022 жылғы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексінде Қазақстан 113 елдің ішінде 32-орынға көтеріліп, бірден тоғыз сатыға ілгеріледі.

Бұл жетістіктердің алдағы уақытта одан әрі нығаятыны сөзсіз. Өйткені жаңа өңдеу кәсіпорындары салынып, жұмыс істеп тұрғандары жаңғыртылып жатыр. Алдағы үш жыл ішінде агроазық-түлік секторында 4,8 млрд доллардан астам сомаға 600-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл Қазақстанға агроөңдеуді белсенді дамытуға және халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті қосылған құны жоғары өнім үлесін 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы