Қазақстан Африка елдерімен сауда ынтымақтастығын күшейтуді жоспарлап отыр
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сьерра-Леоне Елшісі Мохамед Йонгавамен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Африка елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән беретіні аталып өтілді.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, Қазақстан мен Сьерра-Леоне арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 11,4 млн АҚШ долл құрды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 398,7 есе жоғары (28,6 мың АҚШ долл). 2022 жылдың 9 айында елдер арасында тауар айналымының өсуі импорттық өнімнің ұлғаюы есебінен байқалады.
Өз кезегінде, Сьерра-Леоне Елшісі Мохамед Йонгаво Сьерра-Леоне Республикасының импорттық және экспорттық әлеуеті туралы, сондай-ақ Батыс Африкадағы интеграциялық бірлестіктер, көлік-транзиттік өзара іс-қимыл мүмкіндіктері туралы хабарлады.
Елшінің айтуынша, ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі Сьерра-Леоне экономикасының негізі болып табылады.
Жалпы, тараптар сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, сондай-ақ екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін ынтымақтастық жөніндегі уағдаластыққа келді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы мен Сьерра-Леоне Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 2014 жылғы 20 қарашада орнатылған.
Сьерра-Леонеден Қазақстанға импорттың негізгі тауарлары: титан кендері мен концентраттары - 11,2 млн АҚШ долл (98,2% үлесімен), центрифугалар, сұйықтықтарды немесе газдарды сүзуге арналған жабдықтар мен құрылғылар - 203,4 мың АҚШ долл (1,8%) болып табылады.