Қазақстан Әблязовты қашан елге қайтарады
Мәжілістің кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев экс-банкир Мұхтар Әблязовты елге экстрадициялауға қатысты қойылған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жақында Франция соты экс-банкир Мұхтар Әблязовқа саяси баспана беруден бас тартты. Осыған байланысты Қазақстан бұрынғы банкирді қайтара ма? Қазақстан мен Франция арасында сотталғандарды экстрадициялау туралы шарт жасалған ба? – деп сұрады журналистер Бас прокуратура өкілінен.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Францияның өкілетті органдарына сұраныс хаттар жолданылғаны туралы айтты.
Қазақстанда экс-банкир Мұхтар Әблязовқа қатысты қудалау органдарымен 2 қылмыстық іс қозғалған. Біріншісі, БТА банктің қаражатын жымқыруға қатысты. Екіншісі, Татишевтің өліміне байланысты. 2 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімінің күшіне енгеннен кейін экстрадиция бойынша Францияның өкілетті органдарына біздің сұраныс хаттар жолданды. Әрине, олардың қаралу сатысы әртүрлі мерзімде. Қазіргі таңда Францияның өкілетті органдары оның статусының күшін жойды. Осы және басқа да қолданып отырған шараларымыз септігін тигізеді деп ойлаймын. Сұраныс хаттар біздің бақылауымызда. Олардың орындалуына бар күшімізді саламыз, - деп жауап берді ол.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Қазақстан Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы жұмысты жүргізіп жатқанын айтты. Сөзінше, бұл жұмыс тоқтатылмайды.