4 Тамыз 2026, 19:42 Фото: gov.kz

Қазақстан 4,8 млн геологиялық мұрағат материалын цифрлық форматқа көшірді

Қазақстанда басымдық берілген геологиялық негізгі деректерді цифрландыру жұмыстары аяқталды.

Геология комитеті геологиялық қорларда қағаз түрінде сақталған, басымдыққа ие бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстарын толық аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ондаған жылдар бойы жүргізілген геологиялық зерттеулердің нәтижелері есептер, карталар, сызбалар және өзге де архивтік материалдар түрінде жинақталып келді. Бұл бастапқы геологиялық ақпарат жер қойнауын зерттеу, жаңа кен орындарын іздестіру және елдің минералдық ресурстарын одан әрі игеру жөніндегі шешімдерді қабылдау барысында кеңінен пайдаланылады.

Құжаттарды цифрландыру

Бүгінгі таңда жоспарланған көлем 100% орындалып, жалпы саны 4 818 836 бірлік материал цифрлық форматқа көшірілді. Оның ішінде:

  • 4 304 239 парақ қағаз құжат;
  • 355 000 графикалық материал (карталар, сызбалар және сызбалық құжаттар).

Нәтижесінде геологиялық зерттеулердің материалдарын, есептерді, картографиялық және өзге де архивтік құжаттарды қамтитын басымдыққа ие бастапқы геологиялық ақпараттың бірыңғай цифрлық қоры қалыптастырылды.

Материалдарды цифрлық форматқа көшіру оларды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұрағаттық құжаттардың жоғалу және бүліну қаупін азайтады. Сондай-ақ жер қойнауын геологиялық тұрғыда зерттеу кезінде пайдаланылатын ақпаратты іздеу мен өңдеу үдерістерін жеделдетеді.

Цифрлық архив

Цифрлық архивтің құрылуы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын да арттырады. Инвесторлар геологиялық ақпаратқа неғұрлым жылдам әрі ыңғайлы қол жеткізсе, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және жаңа жобаларды іске асыру жөніндегі шешімдер де соғұрлым жедел қабылданады.

Келесі кезеңде мәтіндік материалдарды автоматты түрде тану, геологиялық деректердің ауқымды көлемін талдау, ақпаратты іздеу және түрлі дереккөздер арасындағы өзара байланыстарды анықтау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр.

Алдағы уақытта цифрландырылған материалдар Жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасымен (ЖҚПБП) біріктіріледі. Бұл құрылымдалған геологиялық ақпаратқа бірыңғай цифрлық сервис арқылы электрондық форматта қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Аталған жобаны іске асыру геология саласын цифрлық тұрғыдан трансформациялаудың маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Ол мемлекеттік геологиялық ақпараттық ресурстарды басқару тиімділігін арттыруға, жер қойнауын геологиялық тұрғыда зерттеу үдерістерін жетілдіруге, сондай-ақ инвесторлардың, жер қойнауын пайдаланушылардың және сала мамандарының геологиялық маңызды деректерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.