4 Қазан 2026, 15:52 Фото: istockphoto.com

Қазақстан 40 мың бас ірі қара мал сатып алады

Асыл тұқымды мал басын жаңарту арқылы сүт пен ет өндірісін арттыру көзделіп отыр.

Қазақстанда асыл тұқымды мал басын жаңарту және жануарлардың өнімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Негізгі назар малдың генетикалық әлеуетін жақсартуға, сүт пен ет өндірісін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тиімділігін арттыруға бағытталған.

2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту кешенді жоспарын іске асыруға 80 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат 40 мың бас ірі қара және 20 мың бас ұсақ мал сатып алуға бағытталады. Биылдың өзінде алыс шетелдерден Қазақстанға 7 234 бас ірі қара әкелінді.

Бұл жұмыстың практикалық іске асырылуы еліміздің өңірлерінде жалғасып жатыр. Түркістан облысындағы «Азия Милк» тауарлы-сүт фермасына Даниядан голштин тұқымды 165 бас малдың кезекті партиясы жеткізілді. Бұған дейінгі жеткізілімді қоса есептегенде, осы шаруашылыққа Даниядан импортталған мал саны 330 басқа жетті.

Бұған дейін Даниядан 165 бас голштин тұқымды мал «Майлыкен Ферм» фермасына, тағы 165 бас «Dar Organik» фермасына жеткізілген.

Солтүстік Қазақстан облысында Германиядан 165 бас голштин тұқымды қашардың кезекті партиясы «Буденное СК» ЖШС-нің сүт кешеніне жеткізілді. Бұл шаруашылыққа жасалған бесінші жеткізілім болды. Осылайша жалпы мал басы 825-ке жетті.

Кәсіпорын барлығы 1 200 бас мал әкелуді жоспарлап отыр.

Кешеннің құрылысы былтыр күзде аяқталған. Осыдан кейін мал басын кезең-кезеңімен толықтыру және өндірістік процестерді іске қосу басталды. Алғашқы мал биыл жеткізілді, наурыз айында фермада алғашқы төл алынды. Жеткізілімдер аяқталған соң шаруашылық импортталған мал басымен толық қамтылады.

Шығыс Қазақстан облысындағы «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасына Ресейдің Пермь өлкесінен голштин тұқымды 224 қашар жеткізілді.

Ферма 1 075 бас ірі қараға есептелген. Шаруашылық заманауи жабдықтармен, қажетті ауыл шаруашылығы техникасымен және жеке жем-шөп базасымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның қарамағында 4 500 гектардан астам егістік бар. Бұл мал басын қажетті жеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қарастырылған шараларды іске асыру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мал басын кезең-кезеңімен жаңартып, жануарлардың өнімділігін арттыруға және өндірістік қуаттарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде отандық сүт пен ет өндірісін ұлғайтуға, шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға және олардың өндірістік базасын нығайтуға жағдай жасайды.