Қазақстан 3G-дан бас тартып, 5G-ға ауыспақ
Қазақстанда байланыс сапасын жақсартатын жаңа заң қаралып жатыр
Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойған. Алайда бұл мақсатқа сапалы байланыс инфрақұрылымы мен заманауи дата-орталықтарсыз жету мүмкін емес.
Жаслан Мәдиев соңғы жылдары телекоммуникация саласына құйылған инвестиция көлемі айтарлықтай артқанын айтты.
Соңғы 3 жылда телекоммуникация саласына 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр, – деді министр.
Оның мәліметінше, соңғы екі жылда тіркелген байланыс абоненттерінің саны 19 пайызға, ал ұялы байланыс пайдаланушыларының саны 12 пайызға артқан.
Сонымен қатар мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 75 пайызға өссе, интернет-трафик көлемі 67 пайызға көбейген.
Яғни барлық бағытта өсім бар: трафик те, интернет жылдамдығы да, абоненттер саны да тұрақты түрде артып келеді, – деді Жаслан Мәдиев.
Министр бұл көрсеткіштер мобильді операторлардың базалық станциялар желісін кеңейтуі есебінен мүмкін болғанын атап өтті.
Сондай-ақ елде ескірген 3G технологиясынан кезең-кезеңімен бас тарту жүріп жатқаны айтылды.
Тек 3G-мен қамтылған ауылдар саны биыл 5 есе қысқарып, 550 ауылға дейін азайды. Бұл 4G желісіне жаңғырту жұмыстарының нәтижесі, – деді министр.
Оның сөзінше, Қазақстанда 5G базалық станцияларын салу жұмыстары да қарқынды жалғасып жатыр.