8 Тамыз 2026, 08:34 Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстан 2036 жылға дейін биотехнологияны дамытудың жаңа стратегиясын әзірлейді

Отырыста медициналық, аграрлық және өнеркәсіптік биотехнологияларды дамыту, ғылыми инфрақұрылым, кадр даярлау және отандық әзірлемелерді өндіріске енгізу мәселелері талқыланды.

Қазақстанда биотехнологияларды ғылымнан өндіріске дейін дамытуға бағытталған жаңа модель қалыптастырылмақ. 2036 жылға дейінгі стратегия жобасы Алматыда Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бірлескен отырысында талқыланды.

Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ғалымдар, сарапшылар және ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.

Ақмарал Әлназарова отандық ғылыми әзірлемелерді зертхана деңгейінде қалдырмай, диагностика, емдеу, фармацевтика және басқа да салаларда практикалық қолданысқа енгізудің маңызын атап өтті.

«Ендігі міндетіміз – отандық әзірлемелердің сұранысқа ие технологияларға айналып, азаматтардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға қызмет етуіне жағдай жасау», – деді министр.

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, стратегия жаңа технологияларды әзірлеумен қатар, әлемдегі озық шешімдерді игеруге, оларды ел жағдайына бейімдеп, өндірісте қолдануға мүмкіндік беретін толық технологиялық цикл қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

Отырыста медициналық, аграрлық және өнеркәсіптік биотехнологияларды дамыту, ғылыми инфрақұрылым, кадр даярлау және отандық әзірлемелерді өндіріске енгізу мәселелері талқыланды.

Стратегия жобасы қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Құжатты әзірлеу жұмысы мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен жалғасады.