Қазақстан 2029 жылға дейін 5 мың шақырым теміржол салады – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) ұлттық деңгейдегі басым бағыттардың бірі ретінде белгілегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мақсаттар елдің мемлекеттік жоспарлау және бюджеттік саясатына тікелей енгізіліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент қазіргі геосаяси жағдайда әлем елдері арасында жікке бөліну күшейіп, саяси ұстанымдарға байланысты инвестициялық ағынның азайғанын атап өтті. Бұл үрдіс жаһандық экономикаға да әсер еткен.

Біз жікке бөлінушілік барған сайын күшейіп, инвестиция ағынына қатысты саяси сыңаржақ ұстаным белең алғанына куә болып отырмыз. Соның салдарынан былтыр әлемдегі тікелей шетел инвестициясының көлемі 1,5 триллион долларға дейін қысқарды, - деді Мемлекет басшысы.

Соған қарамастан, Қазақстан инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді табанды түрде қолдайды. Ел тәуелсіздік жылдары ішінде экономикаға 400 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тартқан.

Мемлекет басшысы елдің ашық нарық қағидаттарына адалдығын растап, бұл бағыттың мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы болып қала беретінін жеткізді.

Президент Тоқаев Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық орнын да атап өтті. Ел аумағы Азия мен Еуропа арасындағы жүктің 80 пайызы өтетін маңызды құрлықаралық дәлізге айналып отыр.

Біз көлік-транзит инфрақұрылымына, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасына, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізіне және Транскаспий көлік бағытына ондаған миллиард доллар инвестиция саламыз, - деді Тоқаев.

2029 жылға дейін елде 5 мың шақырым жаңа теміржол салу көзделіп отыр. Бұл қадам Қазақстанды қалыптасып келе жатқан жаһандық көлік жүйесінің маңызды буынына айналдырады.

Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын тек қағаз жүзіндегі құжат емес, ұлттық жоспарлаудың негізі ретінде қарастырып отыр. Бұл ұстаным БҰҰ тарапынан да қолдау тапқан.

БҰҰ Бас хатшысы мен Ұйымға мүше мемлекеттердің қолдауының арқасында Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды, - деді Президент.

Президент Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. "Орталық Азия бестігі" форматы өз тиімділігін көрсетіп, бейбітшілік пен дамуға үлес қосып жатыр.

Сонымен қатар, Қазақстан Ауғанстанмен ықпалдастықты жалғастырып, гуманитарлық көмек пен өңірлік жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Қазақстан Ауғанстанның инклюзивті дамуын аймақтағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі деп санайды, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы