Қазақстан 2027 жылы энергетикалық қуатын 845 МВт-қа арттырады
Бұдан бөлек, жалпы қуаты 570 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру жоспарланған.
Қазақстанда 2027 жылы 845 МВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарланып отыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жаңа нысандар елді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге, генерация көлемін арттыруға және қажетті резерв қалыптастыруға бағытталған.
Жоспар бойынша Жамбыл ГРЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын бес газтурбиналық қондырғы, «МАЭК» ЖШС-де 160 МВт бу-газ қондырғысы іске қосылады. Сондай-ақ «Баскуат Энергопром» ЖШС жобасының бірінші кезеңі аясында жалпы қуаты 34,7 МВт болатын бес газпоршеньді қондырғы, ал «Kazakhmys Energy» ЖШС-де 70 МВт бу-газ қондырғысын пайдалануға беру көзделген.
Бұдан бөлек, жалпы қуаты 570 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында Алматы облысындағы 100 МВт күн электр станциясы, Қызылорда облысындағы жалпы қуаты 70 МВт болатын үш күн электр станциясы бар.
Ақтөбе облысында әрқайсысының қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы салынады. Қызылорда және Түркістан облыстарында 50 МВт-тан жел электр станцияларын, ал Абай облысында жалпы қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясын іске қосу жоспарланып отыр.
Министрлік мәліметінше, жаңа қуаттарды іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанында елдің электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Ал жыл соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВт·сағ электр энергиясының профициті қалыптасады деп болжануда.
Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда шамамен 2,6 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарланған. Оның аясында төрт газ электр станциясын пайдалануға беру, қолданыстағы екі электр станциясын кеңейту және жаңартылатын энергия көздерінің 10 жаңа нысанын іске қосу көзделген.