Қазақстан 2025 жылды өсімдік шаруашылығында рекордтық көрсеткішпен аяқтады

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда майлы және бұршақ дақылдарын өндіру айтарлықтай артты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров министрліктің жылдық қорытындысы бойынша өткен баспасөз кездеуінде мәлімдеді.

Белгілі болғандай, бұл дақылдар аграрлық сектордағы негізгі өсім нүктесіне айналып отыр. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған саясат нақты нәтиже берген.

Министрдің айтуынша, биыл бұршақ дақылдарынан рекордтық өнім жиналып, жалпы көлемі 1,1 млн тоннадан асты. Оның ішінде жасымық өндірісі 840 мың тоннаға, бұршақ 220 мың тоннаға, ноқат 22 мың тоннаға жетті.

Биыл майлы және бұршақ дақылдары айқын өсім нүктесіне айналды. Нәтижесінде рекордтық өнім алынды. Бұршақ дақылдарының жалпы көлемі 1,1 млн тоннадан асты. Ел тарихында алғаш рет майлы дақылдар өнімі 4,8 млн тоннаға жетті. Соның ішінде күнбағыс 2,3 млн тонна, зығыр 1,4 млн тонна, рапс 520 мың тонна көлемінде жиналды, – деді ведомство басшысы.

Министр өндіріс көлемінің артуы тек ішкі нарықты қамтамасыз етуге емес, дәстүрлі экспорт бағыттарына да бағдарланғанын атап өтті. Бұл елге валюталық түсімнің келуіне, ұлттық валютаның тұрақтылығына және фермерлердің ауылдық аумақтарды дамытуға, техниканы жаңартуға инвестиция салуына мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан шетелге 13,4 млн тонна астық экспорттаған еді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы