Қазақстан 2025 жылдан бастап отандық вагон шығарады

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде жолаушылар тасымалы қызметін «Жолаушылар тасымалы» АҚ-нан бөлек 13 жекеменшік компания көрсетеді. Бүгінгі таңда жолаушылар вагондарының саны 2 106, оның 1 266-сы стандартты вагондар, 732-і «Тальго» вагондары және 108-і электр-дизельді пойыз вагондары, - деп айтты Жәнібек Тайжанов.

Жолаушылар вагоны паркінде қызмет ету мерзімі бойынша 11 жылға дейінгі 1 077, 11 жылдан 20 жылға дейінгі 356, 20 жылдан және одан көп 673 вагон бар.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның қолданыстағы паркінде кондиционері бар 1 591 вагон, кондиционерсіз – 515 вагон бар. 10 жыл ішінде вагондар 50 пайызға жаңартылды. 2023 жылы 100-ге жуық жаңа вагон сатып алу жоспарланып отыр. 2025-2030 жылдары Мемлекет басшысының 2021 жылғы қарашадағы Швейцарияға ресми сапарының қорытындысы бойынша қол қойылған Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде Stadler технологиясын қолдана отырып, 537 жаңа вагон сатып алу жоспарланып отыр, - деп түсіндірді Жолаушылар тасымалы басшысы.

Оның айтуына қарағанда, сатып алынған жаңа вагондар жаңа үлгідегі заманауи, еуропалық марка, жоғары технологиялы болмақ.

Бұл вагондар «Тальго» зауытында өзіміздің елімізде шығарылады. Stadler бұл зауытты сатып алған. Енді екі жыл ішінде олар зауытты жаңартулары қажет. Сөйтіп 2025 жылдан бастап Stadler технологиясы бойынша отандық вагондар шығарыла бастайды, - деді Жәнібек Тайжанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы