Қазақша сөйлеу үшін қазақша армандадым - Лагуткина

Бүгінгі таңда Юлия Лагуткина 500-ден астам адамға қазақ тілін үйретіп жатыр. Ол бұл жолға қалай келгенін, мемлекеттік тіл мансабына қалай әсер еткенін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Қазақ тілін үйреніп жүрген адам одан қандай пайда ала алады? Өзіңіз қалай үйрендіңіз?

Шынымды айтсам, қазақ тілі маған көп мүмкіндік берді. Ол мектеп қабырғасынан басталды. Түрлі олимпиадаларға қатыстым, Абайдың өлеңдерің жаттап, сайыстарда өзімді көрсете білдім. Кейін грамматика мен сөздің құрылымын үйреніп, өзімді дамыта түстім. Менің бала арманым болды. Ол – туыстарым көгілдір экраннан қазақша сөйлеген Юлияны көрсе.. дейтінмін. 

Тағы бір бала арманым – ел Президентінің алдында мемлекеттік тілде сөйлесем деген. Шүкір! Екі арманыма да жеттім. 2020 жылы ҚХА-ның кеңесінің отырысында болған кезде мен Мемлекет басшысының алдында қазақ тілінде баяндама жасадым. 

Қазақша баяндама жасауды өзім ұсындым. 2017 жылдан бастап Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына белсене атсалыса бастадым. Басында ерікті болдым,кейін депутаттың кеңесшісіне дейін көтерілдім.

- Қазіргі таңда қанша шәкіртіңіз бар? Оларға мотивацияны қалай бересіз?

Менің 500-ден аса шәкіртім бар,олардың ішінде тек мектепте оқитын балалар ғана емес ересек азаматтар да бар. Тілді көрші елден келген азаматтарға, үндістандықтар мен украиналықтарға да үйретіп жүрмін. 

Мен шәкірттеріме тілді білген адамның IQ-де жоғары болатынын айтамын. Кез келген шет тілді үйреніп жүрген адамның ой-өрісі кең әрі миы жақсы істейді. Бұл күнделікте өмірде және жұмыста өз пайдасын тигізбей қоймайды. Оларға осылай мотивация беремін.

- "Өзіміздің орыстар" деген түсінік қалыптасты. Оған көзқарасыңыз?

Соңғы жылдары "өзіміздің орыстар" деген төртінші жүз пайда болды. Бұған деген көзқарасым оң, тіпті қуаныштымын. Себебі қазақстандықтар мемлекеттік тілде бәрі біледі, бәрі бір-бірінің дәстүрін сыйлайтын елде тұрамыз. Біздің және Ресейдегі орыстардың айырмашылығы бар. 

Өзіміздің орыстарды біз байқамауымыз мүмкін, алайда олар шамалы қазақи акцентпен сөйлейді. Өзім тіпті орысша сөйлеген кезде менің интонациям қазақ тіліне ұқсап кетеді. Онымен қоса, жергілікті орыстар сөз арасына қазақша сөздерді араластырады. Олар үшін бұл қалыпты. Өз араларында шала орысша тіл пайда болды деуге болады.

 - Бүгінгі таңда қазақ тіліне деген сұраныс қай мамандықта көп?

Қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтар саны артып келе жатыр. Тілді тек жергілікті халық емес, басқа этнос өкілдері де үйреніп жатыр. Олардың мотивация әртүрлі. Мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмыспен айналысатындардың көбінің тілді үйренуге деген ынтасы өскенін байқаймын. 

Кәсіпкер азаматтарда да тілді меңгеруде, өйткені сұраныс көп. Жалпы, кез келген өңірдегі азаматтармен тіл табысу үшін, кәсіп деңгейін көтеру үшін қазақ тілін білу қажет.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы