Қазақша сөйлеп жүрген блогер Қазақстанның елшісі атанды
Австрияда танымал жапон блогері Юдзи Натсума "ҚР туризмі елшісі" атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Kazakh Tourism-нің мәліметінше, құрметті миссия оған елімізді әлемге танытудағы үлесі үшін табысталды. Белгілі полиглот қазақ тілін меңгерген және әлемнің түкпір-түкпіріндегі өз оқырмандарын Қазақстанның бай мәдениетімен және табиғатымен танысуға үгіттейді.
Блогер ұлттық дәстүрлерге және қазақстандық шоколадқа ерекше көңіл бөледі. Юдзи оларды өзінің әлеуметтік желілерінде белсенді түрде дәріптейді.
Венада тұратын жапон блогері Юдзи Қазақстанда 3 рет болған. Ол Kazakh Tourism ұйымдастырған ақпараттық турларға да қатысты. Бұл сапарлар оған Қазақстанды тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.
Мен үшін мұндай жауапты миссияны қабылдау – үлкен мәртебе. Одан көбірек контент жасап, Қазақстанның және қазақ халқының сұлулығын көрсетуге тырысамын, - дейді Юдзи.
2018 жылдан бастап Kazakh Tourism "ҚР туризм елшісі" бағдарламасын жүзеге асырады. Оның мақсаты - Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілету және әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылардың назарын еліміздің табиғи және мәдени байлығына аудару.
Бұған дейін тиктокер Юдзи Белеза қазақ халқының наурызды қалай атап өтетінін көргенін жазған едік.