Қазақша күрестен десанттық-шабуылдау әскерлерінің ең мықты балуандары анықталды

Талдықорған қаласында қазақша күрестен өткен десанттық-шабуылдау әскерлері арасындағы іріктеу чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Екі күнге созылған "Десант барысы" турниріне Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарының 16 балуаны қатысты.

Қазақша күрес - қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық күресі. Бұл әскери қолданбалы спорт емес, бірақ дзюдо мен самбо элементтерін қамтитын спорт түрі. Бұл әскери қызметшілердің қажетті дағдыларын дамытуға молынан мүмкіндік береді. Сондықтан қазақша күрес еліміздің күштік құрылымдары арасында ерекше танымал, - деді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасы жауынгерлік дайындық басқармасының офицері майор Марат Ағамбаев.

Жеке біріншілікте "Десант барысы" белбеуі мен қасқыр терісін Жетісу гарнизоны 18404 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға сержант Самат Сейітов олжалады. Екінші орынды сол әскери бөлімнің өкілі сержант Жайық Қалибеков иеленді. Тұғырдың үшінші сатысына Қонаев гарнизоны 32363 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбазы қатардағы жауынгер Әділбек Жанбуршинов көтерілді.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық есептегі алтынды Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов атындағы 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасы (Талдықорған қ.) жеңіп алды. Күміс 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының (Қонаев қ.), еншісінде. Ал қола медальға Райымбек батыр атындағы 38-ші десанттық-шабуылдау бригадасының командасы ие болды.

Енді Қарулы күштердің құрама командасы құрамындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жеңімпаздары Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржылық мониторинг агенттіктерінің мықты балуандарымен күш сынасатын болады.

Күштік құрылымдар арасындағы "Әскер барысы" чемпионаты 29-30 наурыз аралығында Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының базасында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы