Қазақша дубляждалған аниме – жай хобби ме, әлде миссия ма?

Анимені дубляждау кезінде тікелей аудармаға жүгіну — дұрыс тәсіл емес. Бұл туралы Anidybys студиясының негізін қалаушы, дыбыс режиссері әрі актер Диас Балаби мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бір туындыны қазақша дыбыстағанда, көрерменнің кейбірі "түпнұсқасын қалдыр, мағынасы өзгеріп кетеді" дейді. Алайда жапон анимелерінде көпшілікке беймәлім, тіпті ойдан шығарылған сөздер де жиі кездеседі. Біз оларды аудармай, мағынасын қазақы ортаға бейімдейміз. Яғни, халық жиі қолданатын тіркестер мен сөздер арқылы дыбыстаймыз. Мұндай тәжірибе көрші елдерде бұрыннан бар, – дейді ол.

Спикердің айтуынша, дубляж – жай аударма емес, ең алдымен адаптация. Осы тәсіл арқылы мәтін өтімді, қызықты әрі тыңдауға жеңіл болады.

Қазіргі таңда студиямыз "Наруто 9: Ниндзя жолы", "Жын жоюшы" және "Дандадан" анимелерін қазақ тілінде дыбыстады. Қаржыландыру көзі нақты болмағандықтан, бұған шығармашылық жоба ретінде қараймыз. TikTok желісіне қысқа эдиттер жасап, қызығушылық оятуға тырысамыз, – дейді Диас Балаби.

Жақында "Жын жоюшы" анимесі кинотеатрларға жол тартады. Ол "Меломан" компаниясына анимені қазақ және орыс тілінде толыққанды дубляждауды ұсынған. Себебі команда кейіпкерлердің мінезін жақсы біледі әрі аудитория талабынан хабардар.

Бұған дейін шыққан анимелерді войсовер арқылы дыбыстады. Меніңше, бұл – қате. Дубляж – сапалы болуға тиіс. Актердің шынайы эмоциясын ештеңе ауыстыра алмайды, – деді дубляж режиссері.

Еске сала кетейік, Comic Con Astana–2025 фестивалі 13 шілдеге дейін елордада өтеді.

Фестиваль аясында жалпы жүлде қоры 15 миллион теңге болатын халықаралық косплей байқауы ұйымдастырылып отыр. Қазылар алқасының құрамында АҚШ, Франция, Қырғызстан, Ресей және Қазақстаннан келген косплей шеберлері бар.

Шараның басты хедлайнерлері – голливуд актерлері Энди Серкис, Эсай Моралес және Скотт Эдкинс. Сонымен қатар Marmok, Qewbite, Антон Милс, Johan, EugeneSagaz, Настя Джексон және Metal Family сынды интернет-жұлдыздар да қонақ ретінде шақырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы