Қазаққа ырым-тыйымдар неге керек?
Ырым-тыйымдар не үшін керек? Салт-дәстүрлер туралы сауалдарға Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі, тарих пәнінің оқытушысы Айнұр Байдуллаева жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Қазақтың ырым-тыйымдары қалай қалыптасты?
- Ықылым заманнан бері ырым-тыйымдар халқымыздың тұтас тіршілігінде біте қайнасып келеді. Ата-бабамыз адам баласының өсіп-өнуі үшін, тылсым күштерден қорғану үшін, кез келген қиындықтардан қорғану үшін тыйымдарды қолданса, қуаныш пен жақсылыққа үміт артып ырымдап өмір салтын жалғастырған. Жалпы алып қарайтын болсақ, ырым тыйымдар халқымыздың жазылып хатқа түспеген заңдары деп қарастыруға да болады. Қандай да бір жамандық немесе жақсылық жасалса, оның өтемі болатындығын осы ырым-тыйымдар арқылы ұғындыра білген, оны ұрпақ тәрбиесінде ұтымды падалана білген.
- Ырым-тыйымдарға сенген дұрыс па?
- Қазақ халқында ырым-тыйымдар өте көп. Дәстүрлі отбасында дүниеге келген әрбір бала ырым-тыйымдарға сенеді деп ойлаймын. Шыр етіп дүние есігін ашқан күннен әке мен ананың қас-қабағынан-ақ ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін ұғынуда тыйымдардың атқаратын қызметі күшті. Санаға сіңген дүниені жақсы өмір сүру мақсатында ұтымды пайдалану, белгілі бір құндылықтарға сену, жақсыға ұмтылу жолында ырымдар мен тыйымдардың да өзіндік үлесі бар деп санаймын. Халқымыздың әдет-ғұрыптары мен ырым-тыйымдарының тәрбиелік мәні зор. Сондықтан, мен сенемін.
- Ал қазіргі қоғамда салт-дәстүрімізде тыйымдарымыздың көрінісі қандай?
- «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей заманына қарай кей әдет-ғұрып өзгеріске ұшырап жатса, кейбірі мүлдем ұмтылып барады. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды мүмкіндігінше бұрынғы қалпында сақтағанымыз жөн деушілер де табылады. Дегенмен, кейде әдет-ғұрыптардың кейбір тұсының қазіргі заманның талабына сай келе бермейтінін де байқаймыз. Мысалы «құдайы қонақ» мәселесін алуға болады.
Атадан балаға мирас болып келе жатқан рухани құндылықтарымызды келесі ұрпаққа мұра ету азаматтық парызымыз деп білемін. Салт-дәстүр арқылы отбасылық қарым-қатынастар реттеліп отырған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата мен ананың міндеттері, парыздары, баланың міндеттері мен парыздары т.б. яғни адамдықтың жазылмаған ережелерінің бәрі де осы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрде тұнып тұр.
- Ырым-тыйымдарды дәріптеп жүрген дұрыс па?
- Халқымызбен тұтас бірлікте жасасып келе жатқан ырым-тыйымдарды дәріптеу қажет деп санаймын. Өйткені салт-дәстүрлерді ұлттық болмысымыздан бөлек қарастыра алмаймыз. Адамзат баласын жақсылыққа талпындырып, игі істерге жетелейтін, өзіндік болмысын, дүниетанымдық көзқарасын кеңейтетін ырым-тыйымдарды өмірімізден бөліп қалыптастыра алмаймыз. Ұлттық болмысымыздан ажырамас үшін салт-дәстүрімізді әрдайым дәріптеп, жеткіншектер санасына сіңіруіміз керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Қымбат Спабек