"Қазақмысты" Ресейге сатады деген ақпарат рас па
Әлеуметтік желіде "Қазақмыс" иелігіндегі пайдалы қазбалар өндіретін кен орнындарын шетелдік инвесторға сату жөніндегі келіссөздер жүріп жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Корпорация бұл хабарламаларға түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Компанияның мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
"Қазақмыс" кен орындарын сатып жатқан жоқ, компания ресейлік компанияларға сатылып жатқан жоқ, сондай-ақ сирек кездесетін жер металдарын бар-кен немесе концентрат түрінде елден шығарып жатқан жоқ. Жыл басынан бері компания нақты дәйектермен расталмаған түрлі қауесет пен жорамалдарға толы әңгімелерге тап болды, - деді компанияның ресми өкілі Арман Тлеукенов.
"Қазақмыс" корпорациясы қоғамды тек ресми және тексерілген ақпаратқа сүйенуге, сондай-ақ қауесет таратудан аулақ болуға шақырды.
Кейбір БАҚ және әлеуметтік желілерде пайдалы қазбалар өндіретін сегіз кен орнын шетелдік инвесторға сату жөнінде келіссөз жүріп жатырмыз деген ақпарат тарауда. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. «Қазақмыс» корпорациясы шетелдік немесе басқа да инвесторларға қандай да бір кен орындарын сатуға қатысты келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат тарату заң алдында жауапкершілік жүктейді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғамды тек ресми және тексерілген ақпаратқа сүйенуге, сондай-ақ қауесет таратудан аулақ болуға шақырамыз, - деп мәлімдеді компания.