«Қазақмыс» Жезқазғандағы әлеуметтік жобаларға 13 млрд теңге бөлді
Ерсайын Нағаспаев Ұлытау облысында Жезқазған өндірістік алаңының дамуы және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралады.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Жезқазған мыс балқыту зауытында өндірісті жаңғырту, өнеркәсіптік қауіпсіздік және экологиялық жағдайды жақсарту мәселелеріне назар аударылды. Зауыт –еліміздің индустриялық секторындағы негізгі кәсіпорындардың бірі. Оның өндірістік қуаты жылына 200 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіруге жетеді. Өнім ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге де экспортталады. Компания басшылығы министрге инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы, оның ішінде жаңа күкірт қышқылы цехы мен газ-поршенді электр стансасының құрылысы туралы ақпарат берді.
Жезқазған байыту фабрикасына барған кезде Ерсайын Нағаспаев еңбек жағдайларын жақсартуға және өңдеу тиімділігін арттыруға ықпал ететін озық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Кәсіпорын Жезқазған, Жомарт және Жыланды кен орындарынан алынған мыс кендерін ұсақтау, майдалау және флотациялау арқылы мыс концентратын өндіруге маманданған. Кәсіпорын жылына 21 млн тонна кен өңдеп, 150 мың тонна мыс концентратын өндіреді.
Сонымен қатар ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің металлургия өнеркәсібінде 2026 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде берген тапсырмасының орындалуына ерекше назар аударылды. Биылғы өткен 5 айда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС 155 мың тонна мыс өндірді, өсім 1%-ды құрады. Министр жыл соңына дейін кемінде 6% өсімге қол жеткізу қажеттігін атап өтті.
Металлургия саласының алдына жыл қорытындысы бойынша өндірістің оң серпінін қамтамасыз ету міндеті қойылған. Белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін өндірістік қуаттарды барынша тиімді пайдаланып, барлық кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар бірінші кезекте қызметкерлердің қауіпсіздігі мен еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері басты назарда болуы тиіс, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Сондай-ақ министр Жезқазғанда С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының күрделі жөндеу, «Жастар» саябағын жаңғырту және Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Бұл қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындарының демалуына арналған негізгі тартымды орындарға айналады. «Қазақмыс» корпорациясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аталған 3 нысанның құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарына 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Ерсайын Нағаспаев Жезқазған өндірістік алаңын жаңғырту жұмыстарын жеделдету және қалалық инфрақұрылым нысандарындағы құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау жөнінде бірқатар тапсырма берді.