«Қазақконцерт» залында маусым айында қандай іс-шаралар өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйым түрлі форматта мерекелік іс-шаралар мен музыкалық перформанстарды ұсынады.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына сілтеме жасап хабарлайды.
Концерттерде қазақстандық және шетелдік әртістер өнер көрсетеді.
3 маусым күні сағат 19:30-да Қазақконцерттің үлкен сахнасында «Вечер музыкальных контрастов» концерті өтеді. Концертке белгілі пианист Николас Бурдонкл (Франция) және дирижер, Днепропетровск филармониясы оркестрінің жетекшісі Айдар Торыбаев (Украина), әлемге танымал скрипкашы, Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсақожаева қатысады. Әртістер Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге классикалық музыканың танымал туындыларын орындайды.
5 маусым күні сағат 17:00-де «Көк аспаным – көк туым» атты үлкен гала-концерт өтеді. Концерттің басты ерекшелігі – музыкалық жанрлардың сан алуандығы. Бұл кеште классикалық музыка, эстрадалық және белгілі дәстүрлі әндерді тыңдап, мюзикл театрының өнерін тамашалай аласыздар. Концертке Роза Рымбаева, Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев, Ардақ Балажанова, Айзада Капонова, Гүлсім Мырзабекова, Күнсұлу Түрікпен, Асқар Мұқият, Әміре, Әлібек Альмадиев, Рухия Байдүкенова, Азат Мәлік, Салтанат Меңдіғалиева, Біржан Айтахметов, Дидар Әбдіхалық, Әйгерім Алтынбек, T&Y дуэті өнер көрсетеді. Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Астана сазы» қазақ фольклорлық ансамблі, «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы, «Астана мюзикл» мемлекеттік театры мен «Saz&Soul» тобы өнерлерін ортаға салады.
Сол сияқты дәстүрлі әншілер 6 маусым күні сағат 19:00-де өтетін «Отан Ана» концертінде өнер көрсетеді. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали бастаған «Халық қазынасы» өнер бөлімінің әртістері өнер көрсетеді. Сол сияқты композитор Бауыржан Ақтаевтың көркемдік жетекшілігімен «Астана сазы» фольклорлық ансамблі өз өнерлерін ортаға салады. Бұл кеште сіздер ұлтымыздың әуелеген әсем ән, күмбірлеген күй мен жыр жауһарларынан сусындайтын боласыздар.
8 маусым күні сағат 19:00-де талантты жас әншілер өнер көрсетеді. «Жастар әні» концертінде жаңа авторлық әндер, белгілі халық шығармалары мен заманауи өлеңдер орындалады. Сахнада Гүлсім Мырзабекова, Ерболат Нариманұлы, Ербол Тәжібаев, Салтанат Меңдіғалиева, Рухия Байдүкенова, Гүлнәр Көшенова, Дидар Әбдухалық, «Saz&soul» тобы мен «Меломен» тобы өнер көрсетеді.
Қазақконцерт құрамындағы «Astana musical» мемлекеттік театры да көрермендерді ерекше туындыларымен қуантады. 10 маусым күні Қазақконцерттің үлкен сахнасында атақты әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Роза Бағланова» мюзиклі сахналанады.
16 маусым күні сағат 19:30-да «Шаңырақ» музыкалық перформансы өтеді. Барлық көріністер бірліктің символы – киіз үйдің ішінде сахналанады.
30 маусымда «Astana musical» театрының «Достар серті» мюзиклі қойылады. Қойылымға қазақ музыкасының «алтын қорына» енген Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев және «Дос-Мұқасан» тобының әндері арқау болмақ. Сонымен қатар әлемдік музыканың шедеврлері мен «Битлз» тобының репертуарындағы туындылар орындалатын болады.