Бүгiн 2026, 19:04 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

"QAZAQGAZ AIMAQ" жүздеген кәсіпкердің құқығын бұзған

Прокуратура «QAZAQGAZ AIMAQ» шарттарындағы заң бұзушылықтарды анықтады.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен Талдықорған қаласының прокуратурасы ауыл шаруашылығы өндірісі, қайта өңдеу, жол құрылысы, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын, аккумуляторлар және тоқыма өнімдерін өндіру салаларында жобаларды іске асырып жатқан 10 инвестордың құқықтарын қорғады.

Өңірге тартылған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 9,4 млрд теңгені құрап, нәтижесінде 480-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды.

Қадағалау органы жүргізген талдау барысында «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ инвесторлармен газбен жабдықтау жөнінде шарттар жасасқаны анықталды. Алайда аталған шарттардың жекелеген талаптары қолданыстағы заңнама мен бекітілген нормативтердің талаптарына сәйкес келмей, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзып, тұтынушылардың заңды мүдделерін шектеген.

Атап айтқанда, шарттарда мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,5 еселенген мөлшерінде, ең жоғары шегі белгіленбеген өсімпұл есептеу көзделгені анықталды.

Бұл талап тұтынушылардың жағдайын нашарлатып, Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген Үлгілік шарт талаптарына сәйкес келмеген.

Анықталған фактілер бойынша Талдықорған қаласының прокуратурасы Жетісу облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.

Оны қарау қорытындысы бойынша газбен жабдықтаушы ұйым шарт талаптарын заңнама талаптарына сәйкестендірді.

Инвесторлармен жасалған шарттардан бөлек, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ өңірдегі тағы 526 кәсіпкерге қатысты да осындай заң бұзушылықтарға жол берген.

Прокуратураның араласуының нәтижесінде зардап шеккен барлық кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары толық көлемде қорғалды.

Осыған ұқсас заң бұзушылықтарды анықтау және жою жұмыстары тұрақты бақылауда.