"Қазақфильмнің" бұрынғы статусын қайтаруға мүдделімін – Балаева
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева министрлік қайта құрылғаннан кейінгі алғашқы алқа отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр Кинематография туралы заңға өзгерістер енгізу жоспарда бар екенін жеткізді.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталды. Бұл жерде көпшілік көкейінде жүрген сұрақ «Қазақфильмнің» қазіргі жай-күйі. Мен министр ретінде «Қазақфильмнің» халықаралық киноиндустриядағы бұрынғы даңқы мен статусын қайтаруға мүдделімін, - деді Балаева.
Ол «Қазақфильмнің» болашағына күмәнмен қараушыларды «киностудияның қарыштап дамуын қамтамасыз етеміз» деп сендірді.
«Қазақфильмнің» болашағына кім қаншалықты күмәнмен қараса да, біздің айтарымыз бір - «Қазақфильм» қатардағы киностудия емес. Бұл біздің тарихымыз, рухымыз, ұлттық киномыздың келешекке деген үкілі үміті. Сондықтанда оны сақтап қана қоймай, қарыштап дамуын қамтамасыз ететін боламыз, - деді ол.