«Қазақфильм» Пусандағы халықаралық кинонарықта шетелдік серіктестермен келіссөз жүргізді
Кездесулер барысында бірлескен киножобаларды жүзеге асыру және қазақстандық фильмдерді халықаралық нарықта ілгерілету мәселелері талқыланды.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының өкілдері Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Asian Contents & Film Market 2026 халықаралық кинонарығына қатысып, шетелдік кинокомпаниялар мен кинофестивальдердің өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Asian Contents & Film Market (ACFM) — Пусан халықаралық кинофестивалі аясында жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық кинонарық.
Іс-шараға «Қазақфильм» атынан Мадина Нүсіпбекова мен Әсем Рамазанова қатысып, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Үндістан, Швеция, АҚШ, Ресей және Қырғызстанның киноиндустрия өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Кездесулер барысында бірлескен киножобаларды жүзеге асыру және қазақстандық фильмдерді халықаралық нарықта ілгерілету мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Үндістанның Ramoji Film City киностудиясы Қазақстанмен бірлесіп комедия жанрындағы фильм түсіруге қызығушылық білдірді.
Ал Tribeca және Мәскеу халықаралық кинофестивальдерінің өкілдері қазақстандық жаңа фильмдерді фестиваль бағдарламаларына енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін олардың материалдарын сұратты.
Сонымен қатар Bök Content және Sunrise Media Group компаниялары, сондай-ақ Asiatiska Film Festival ұйымдастырушылары қазақстандық фильмдерді көрсету құқығын сатып алу мүмкіндігін қарастыруда.
Шетелдік серіктестер Қазақстан аумағында кино түсіруге және «Қазақфильм» киностудиясының түсірілімге қажетті техникалық жабдықтарын пайдалануға да қызығушылық танытты.
ACFM халықаралық кинонарығына қатысу «Қазақфильмге» шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен жобаларды дамытуға және қазақстандық туындылардың халықаралық кинофестивальдер мен нарықтардағы қатысу аясын арттыруға мүмкіндік береді.