«Қазақанимация» жас көрерменге үш жаңа жоба ұсынады
«Қазақфильм» жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі 13 сериядан тұратын «Тоқаш пен Бақаш» анимациялық жобасын аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жоба биыл көрерменге ұсынылады.
Сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен қысқаметражды «Үміт әрдайым жанымызда» және толықметражды «Алтын Адам» анимациялық фильмдері жарыққа шығады.
2024 жылы қазақ анимациясының классикалық туындылары «Ақсақ құлан», «Ақыл мен байлық», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» заманауи форматта жаңартылды.
Сонымен қатар, Голливуд студиялары қазақ тілінде дубляждалған «Ойжұмбақ 2», «Мен жексұрын 4», «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» және «Жабайы робот» фильмдерін кең прокатқа шығарды.
«Кинопоиск» платформасы «Гарфилд» анимациялық фильмін, ал «Bee TV» «Да Винчидің таңғажайып оқиғаларын» қазақ тіліне аударып, онлайн көрсетілімге ұсынды.
Биыл «Қазақанимация» аясында 10 жаңа анимациялық жоба мен «Жібек», «Команда А. Миссия Айка» фильмдерінің түсірілімі аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қазақ киносының алтын қорындағы «Ақ бота» фильмі реставрациядан өтіп, жаңартылмақ.
Мемлекеттік қолдауға ие болатын жаңа анимациялық фильмдер ұлттық құндылықтар, ата-анаға құрмет, қазақ ертегілері, достық және спорт тақырыптарына арналады.
Қазақ анимациясын дамыту мақсатында 2025 жылдан бастап арнайы стратегия әзірленіп, оны жетілдіру жұмыстары жалғасын табады.