Қазақ жылқысында өмірі болмаған аурулар пайда бола бастады
Жылқытанушылардың халықаралық конференциясында баяндама жасаған Жәңгір хан атындағы БҚОТУ проректоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлжан Шәмшидин осындай пікір айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Генетикалық зерттеудің ең негізгісі – жылқыда кездесетін аурулар. Қазіргі кезде бұрын қазақ жылқысында мүлде кездеспейтін аурулар көбейіп кетті. Неге? Соңғы 15-20 жылда қазақ жылқысына қосылмаған қан жоқ. Жылқымыз әдем көрінсін деп әлемнің түкпір-түкпірінен спорттық бағыттағы жылқыларды тасыдық. Бүгін соның зардабын тартып отырмыз. Аурудың көбі сол спорттық жылқыларда кездеседі – дейді жылқытанушы ғалым.
Ол дәл бүгінгі таңде ешкім де қолындағы жылқыда спорттық жылқының қаны жоқ деп айта алмайды дейді.
Ешбір шаруашылық олай дей алмайды. Әрине, ешкімде қағаз жүзінде жоқ. Ал гендік талдау жасаған кезде, бәрі сайрап шығады. Оны неге сүйеніп айтып отыр дейтін боларсыздар. Мысалы, осыдан 5 жыл бұрын сиырды генетикалық талдауды бастадық. Қазақтың ақбас тұқымын, Әулиекөл тұқымын зерттедік. Тіпті шетелден тәуелсіз сарапшылар алдырып зерттеген кезде, ақбас сиырдың генінен ангустың тұқымы табылды. Бірақ қағаз жүзінде ангуспен будандастырылғаны туралы ештеңе жоқ. ДНҚ көрсетіп тұр. Ал герефордтың генінен 8 түрлі сүт бағытындағы сиырдың қаны анықталды – дейді ғалым.
Ол бұл аурулар алғашқы бір-екі ұрпағында кездеспеуі мүмкін, бірақ 3-4 ұрпағы жалғасқан кезде көрініс табу көрсеткіші жоғары екенін атап өтті.
Біз жылқы тұқымын шығарған кезде бір аталық із арқылы, соны дамыту арқылы аламыз. Ағылшын жылқысы да атақты үш айғырдан тарағанын білеміз. Бұл жылқы ауруын қоздырудың көзі деуге болады. Қазір біздегі ең таза тұқым – Мұғалжар тұқымы. Бірақ осылай кете берсек, біраз жылдан соң оның да генін бұзып алуымыз мүмкін. Сондықтан, уақыт кетірмей, қан тазалауды, генін таза ұстауды қолға алуымыз керек – дейді Әлжан Шәмшидин.
Оның сөзіне қарағанда соңғы кезде жылқылардың арасында көз ауруы көптеп тарай бастаған.
Бұл бұған дейін сиырда кездесетін. Әуелі қазақы ақбас тұқымы ауырды. Одан кейін қалмақ сиыры және басқалары да ауыра бастады. Бұл тікелей тұқым қуалаушылық арқылы тарайтын дерт. Мысалы біз 2016 жылы Қазақстандағы 196 бұқаның генін Жапонияға жіберіп тексерткен кезде, біздегі ең мықты деген екі бұқадан тұқым қуалайтын ауру анықталды. Бұл дерттің еңбір жаманы – көзге көрінбейді. Көзге көрінбеген соң әдемі айғыр, әдемі бұқа екен дейміз де, жүре береміз. Ал аурулар қазір жылқыға шабабастады – дейді ол.
Әлжан Шәмшидиннің сөзіне қарағанда бұл мәселемен күрестің бірден-бір жолы ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы, заманауи емдеу тәсілдерін пайдалану.
Әрине, ешкім дәстүрлі тәсілдерді жоққа шығармайды. Бірақ көрші елдер, әлем заманауи тәсілге көшіп, 15-20 жылда жаңа тұқым шығарып алып жатқан уақытта, біз сол «пышақ» терапиясын пайдаланып, «жақсы ат, жақсы айғыр болып еді, қазысы жақсы шығыпты» деп бешбармақ жеп отыра береміз бе? Мамандар бар. Тіпті шетелден оқып келген мамандарымыз көп. Соларға мүмкіндік берейік, геномды зерттесін – дейді ғалым.