Қазақ жігіттері жүрек диагностикасын жақсартуға көмектесетін AI CARD жүйесін ойлап тапты

AI CARD – жасанды интеллект арқылы жүрек УДЗ диагностикасын автоматтандыруға арналған шешім. Жүйе нақты уақыт режимінде суреттерді талдап, оларды эталондық деректермен салыстырады, осылайша дәрігерлердің шешім қабылдауына көмек береді. BAQ.KZ тілшісі осы жүйені жасап шығарған Дастан Мұхамедиевпен сұхбат құрды.

 - Дастан, сіз жасанды интеллект арқылы жүрек УДЗ диагностикасын автоматтандыруға арналған AI CARD жүйесін ұсынған екенсіз. Оған не түрткі болды? Бұл идея сізге қалай келді?

 - Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысатын компаниямыз бар. Онда екі адамбыз. Мен директормын және Шайғазы Мұхтаров деген бас әзірлеуші (разработчик) бар. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі, Ұлттық статистика агенттігі, "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ), қала және облыс әкімдіктері сияқты ірі ұйымдарға жобалар жасап, түрлі технологиялық шешімдерді іске асырдық. Бірақ біз әрдайым қоғамға пайдалы, әлеуметтік мәселелерді шешетін бірегей жоба жасауды ойлап жүрдік.

Осы идеяны іздеу барысында елдегі өзекті мәселелерді зерттей бастадық. Сол кезде таныстарымыз Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының дәрігерлерімен таныстырды. Олар бізге жүрек УДЗ (эхокардиография) диагностикасында жиі кездесетін мәселелерді айтып берді. Негізгі проблема – білікті мамандардың тапшылығы және ультрадыбыстық датчикті дұрыс орналастырудағы қиындықтар.

Мәселені тереңірек зерттеу үшін біз дәрігерлермен қосымша сұхбаттар жүргіздік және оның тек бір клиникаға емес, көптеген ауруханалар мен емханаларға қатысты екенін анықтадық. Бізде бұл мәселені шешуге қажетті техникалық тәжірибе бар екенін түсініп, жүрек УДЗ диагностикасын жақсартуға көмектесетін AI CARD жүйесін жасауды қолға алдық.

 - Сонда жүрек УДЗ диагностикасы қандай болды және қалай өзгерді?

 -Бұрын жүрек УДЗ диагностикасы тек дәрігердің тәжірибесіне және біліктілігіне байланысты болатын. Датчикті дұрыс орналастыру өте маңызды, себебі қате бұрыш немесе дұрыс орналаспау нәтижелердің бұрмалануына және қате диагнозға әкелуі мүмкін.

Қазіргі таңда AI CARD жүйесі бұл процесті автоматтандыруға көмектеседі. Дәрігер ультрадыбыстық аппаратқа қосылған біздің қосымшаны пайдаланып, экрандағы арнайы маркерлерге сүйене отырып, датчикті дұрыс орналастыра алады. Егер орналасу дұрыс болмаса, жүйе автоматты түрде ескерту жасап, қажетті түзетулерді көрсетеді.

Сонымен қатар, біздің шешімге қашықтан қосылу (телемедицина) мүмкіндігі енгізілген. Яғни, егер дәрігер шалғайдағы аудандық ауруханада жұмыс істесе, ол өз аппараты арқылы білікті мамандармен онлайн байланысқа шығып, тікелей кеңес ала алады. Бұл ауылдық және аймақтық медицина сапасын едәуір арттырады.

 - AI CARD жүйесі дәрігерлердің жұмысын қалай жеңілдетеді?

- Датчикті дұрыс орналастыруды автоматтандырады – жас мамандарға УДЗ жасауды үйренуді жеңілдетеді, қателіктерді азайтады.

✔ Диагностиканы дәлірек етеді – жасанды интеллекттің көмегімен дұрыс бұрыш табуға көмектеседі.

✔ Қашықтан кеңес алу мүмкіндігін береді – шалғайдағы дәрігерлердің тәжірибелі кардиологтармен байланысуына жағдай жасайды.

✔ Диагностика уақытын қысқартады – жүйе автоматты түрде дұрыс орналасуды көрсететіндіктен, дәрігерге қайта-қайта түзету енгізудің қажеті жоқ.

Нәтижесінде, AI CARD дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, диагностиканың сапасын жақсартып, пациенттердің өмірін сақтауға көмектеседі.

 - Сіздер ұсынған шешім қалай енгізіліп жатыр, қазір қай деңгейде?

 - Қазіргі таңда біз қосымшаның алғашқы нұсқасын әзірледік. Қазір оны Астана қаласындағы бір ауруханада, сондай-ақ Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында пилоттық жобадан өткізіп жатырмыз. Бұл пилоттық кезең бізге жүйенің тиімділігін тексеруге, дәрігерлерден кері байланыс алуға және қажет болған жағдайда қосымшаны жақсартуға мүмкіндік береді.

Пилоттық кезең сәтті аяқталған соң қаржыландыру тартуды жоспарлап отырмыз, осылайша технологиямызды кеңінен енгізуге мүмкіндік аламыз.

 - Жүйені халықаралық деңгейге шығару жоспарда бар ма?

 -Иә, халықаралық нарыққа шығу жоспарымызда бар. Бірақ денсаулық сақтау саласы – ерекше талаптар қоятын сала. Әлемдік нарыққа шығу үшін белгілі бір сертификаттар мен рұқсат құжаттарын алу қажет.

Сондықтан біз алдымен Қазақстанда жүйені толық сынақтан өткізіп, жетілдіріп, оның медициналық мекемелерде тиімді жұмыс істейтінін дәлелдегіміз келеді. Осыдан кейін халықаралық стандарттарға сай болу үшін қажетті қадамдарды жасап, шетелдік нарықтарға шығуға дайындаламыз.

 - Жобаны кім қаржыландырды?

 - Қазіргі уақытта біз инвестиция тартқан жоқпыз, жоба өз қаражатымыз есебінен жасалды. Ендігі жоспарымыз – Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығымен серіктестікте Қазақстанның Ғылым қорының гранттарына өтінім беру.

Егер гранттық қаржыландыруды алсақ, онда келесі үш жыл ішінде:

✔ Қосымшаны жетілдіреміз;

✔ Жасанды интеллект моделін жақсартамыз;

✔ Қосымша функцияларды дамытамыз;

✔ Қазақстандағы медициналық мекемелерге толық енгізуге мүмкіндік аламыз.

Жобамыздың сәтті дамуы үшін қаржыландырудың негізгі қажеттілігі – команда құрамын сақтау және күшейту, сондай-ақ жасанды интеллектті оқыту үшін қажетті есептеу ресурстарын сатып алуда.

 - Ендігі қадамдарыңыз, мақсаттарыңыз қандай?

 - Біздің негізгі жоспарымыз – пилоттық жобаны аяқтап, қаржыландыру тарту. Егер гранттық қаржыландыру алсақ, үш жыл ішінде жүйені Қазақстандағы ауруханаларда кеңінен енгізіп, халықаралық нарыққа шығуға дайындаламыз.

Біздің басты мақсатымыз – жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, дәрігерлерге нақты көмек көрсету. Егер біздің жүйеміздің арқасында кем дегенде бір адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болса, бұл біздің жобамыздың сәтті болғанының дәлелі деп есептейміз. Адам өмірі – баға жетпес құндылық, сондықтан бұл біздің ең үлкен жетістігіміз болар еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан. Сол жағындағы Дастан, оң жағында Шайғазы
Өзгелердің жаңалығы