Қазақ жауынгері туған жерінде жерленді
Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда солдаттың туған-туысқандары Павлодар облысында тұрады.
Жауынгердің сүйегін тапсыру рәсімі Новосібір облысы Қарасұқ қаласындағы Әскери Даңқ мемориалында өтті.
Атамыз Қабдолла туралы 79 жыл бойы хабар күттік. Бұған дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған еді. 1941 жылы ағайынды Шайық және Қабдолла Рахметовтер майдан даласына аттанды. Олар – менің атам Шаяхметтің ағалары. Бүгін – біз үшін қуанышты күн. 2021 жылдың соңында «Патриот» іздестіру жасағынан хабар келді. Іздестірушелердің арқасында атамыздың жатқан жерін таптық», - дейді жауынгердің туысы Әнуарбек Делмұхамбетов.
Өткен жылдың мамырында іздестірушілер Қызыл Әскер солдатының сүйегін тапқан. Оның жанында медальон жатқан. Қағазда 1906 жылы туған Қабдул Рахшитов деген жазу болған. Жазба нашар сақталғандықтан, зертханалық шаралар жүргізілді. Нәтижесінде медальон қатардағы жауынгер Қабдул Рахметовқа тиесілі екені анықталды.
Ол 1941 жылы Алтай өңірі Андреев ауданының Тоқпан ауылынан майданға аттанғаны белгілі.
Қазақ солдатының сүйегі сол Тоқпан ауылындағы зиратқа жерленді. Бұл жерде оның ата-анасы жатыр.