Қазақ зергерінің әшекейін Иордания патшасының әйелі тағып жүр
Бұл туралы «Адал» еңбек телемарафонында зергер Берік Әлібай айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Абдулла ибн Аль-Хусейннің әйелі және тақ мұрагері Хуссейн ханзаданың анасы – Рания Аль-Абдулла әлемдегі ең танымал шығыс патшайымы.
Патшайымның сәндік заттарының арасында қазақтың білезігі мен бойтұмары да бар. «Адал» еңбек телемарафонында «Хабар» арнасының көрермендеріне бабалардан мирас боп қалған ұлттық зергерлік өнерді жалғастырып келе жатқан зергерлер жайлы ақпарат берілді.
Ұлттық зергерлік өнерді әлемге танытып жүрген шеберлердің бірі – Берік Әлібай. Зергердің құнды жәдігерлерінің бірі – Абылай ханның «Жеңіс туының» ұшы. Тудың ұшын қалпына келтіру үшін шеберге ханның бас батырларының бірі – Жауғаштың ұрпақтары әкеліп беріпті.
Берік Әлібайдың қолынан шыққан әшейкей бұйымдар сән әлемінде өз орнын тапқан. Мысалы, зергер соққан білезік пен бойтұмар Иордания патшасының әйелі Рания Аль-Абдулланың сүйікті әшекейлерінің бірі саналады.
Сонымен қатар, телемарафонда студияға Карл Фаберже орденінің иегері, зергер Ильяс Сулейменов келді. Зергер атақты «Томиристың тиарасы» еңбегімен танымал. Тәж алтыннан соғылып, қымбат тастармен көмкерілген. Шебер, зергер мамандығы жайлы өз ойын ортаға салды.