Қазақ үмітін арқалаған 7 күн

Осы апта, ал біз оның жартысына келдік, Қазақстан үшін өте маңызды болып отыр, деп жазады Алматы облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл аптадағы кездесулер болашақ геосаяси және экономикалық байланыстарға әсер беретін болады. Тек жексенбісі ғана – Түркімен көсемі Сердар Бердімұхамедовті шығарып салып, өзіміз отырып шәй ішіп, аптаның нәтижесін саралайтын күн болмақ. 

Кеше Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Танидың Қазақстанға мемлекеттік сапары басталды. Аса құрметті Әмірді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан күтіп алды. Қазір осы сапар аясында Астанада «Қазақстан-Катар» инвестициялық форумы ашылады. Оның тұсауын екі ел басшылары кеспек.

Қатар – араб әлеміндегі Қазақстан үшін аса маңызды елдердің бірі. Біріншіден – ол бай мемлекет. Ішкі жалпы өнімі 203 миллиард доллардан асады. Ресей газына шектеу салына бастаған қазіргі уақытта Қатар бүкіл Еуропаның үміті болып отыр. Тиісінше, Қатар сығымдалған газ нарығында ең ықпалды ойыншыға айнала бастады, бұл дегеніміз – Қатар одан сайын байып кетеді деген сөз. 

Жақында Қытай сығымдалған газ сататын «Цзянсу-Бинхай» теңіз терминалын ашқан болатын. Оның алғашқы ұзақмерзімді контрактын Қатардың «Qatargas» компаниясы алып, сыйымдылығы 216 000 текше метр газ болатын танкермен алғашқы партияны әкеліп үлгерді. Солай Қатар Еуропада ғана емес, әлемнің шығыс бөлігінде де жаңа газ нарығын ашып отыр. Сондықтан Қатар газ нарығында Ресейдің орнын басатын бірден-бір мұрагер ретінде қарастырылады.

Қазақстан және Қатар. Бізге бір-бірімізден не керек?

Қазақстанның Қатармен арадағы тауар айналымы жыл санап азайып келеді. 2020 жылы тауар айналымы 8,5 миллион доллар болса, 2021 жылы ол 6,3 миллион доллар болып қалды. Тауар айналымының құлауы Қатардан бізге келетін импорттың азаюынан болып отыр. Ал біздің Қатарға жіберетін экспортымыз сол қалпында қалған. 2020 жылы – 5,7 миллион доллар, 2021 жылы – 5,9 миллион доллар. Себебі, Қатар бізден тұрақты түрде кокс пен битум алады.

Біз Қатардан не импорттаймыз? Олардан алатынымыз көбінесе мырыштан жасалған түрлі бұйымдар. Болды. Шынын айтқанда, бізге Қатардан көп тауар қажет те емес. Қатардан бізге бір нәрсе ғана керек – ақша.

Инвестфорум осы ақша мәселесін, яғни Қатардан Қазақстанға тікелей инвестиция тарту үшін өткізіліп отыр. Онда біз инвестиция құюға болатын жобаларды таныстырамыз. Ал Қатар жағы осы жобалармен танысып, ойланып, сосын шешім қабылдауы тиіс. Алдын ала білетінім, Қатарды Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысу перспективалары қызықтырады. Олар жаңа технологияларды қолданып, қой өсіру идеясын ұштап отыр. Қатар қой мен ешкіні жақсы тұтынатын мемлекет. 

Қатардың өзі 2021 жылы еліне 1,34 миллиард доллар тікелей инвестиция тартқан болатын. Дәл сол жылы Қазақстан өзіне 23,7 миллиард доллар тікелей инвестиция бұра білді. Осыдан біз Қатардың көбіне сыртқа инвестиция құюмен, ал Қазақстанның өзіне инвестиция тартумен айналысатынын байқаймыз. Демек, инвестфорумда инвестиция құюшы жақ пен инвестиция тартушы жақ кездесетін болып отыр. 

Басқа елдің мемлекет басшылары неге келеді, инвестфорумдар неге керек деп сұрақ қойып жатсаңыздар, негізгі жауабы – осы. 

Ердоған. Бір аптадағы екінші мемлекеттік сапар

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Таниды бүгін кешке әуежайдан шығарып сала салсымен, Нұрсұлтан Назарбаев аэропортына тағы бір ұшақ келіп қонады. Онда Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бар. Қатар басшысының бізге деген мемлекеттік сапары аяқтала салсымен, Түркия президентінің мемлекеттік сапары басталмақ. 

Ердоған – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар адам. Біздің әлемдегі орнымыз, қауіпсіздігіміз бен экономикамыз Түркияға тікелей байланысты. Оны жасырудың еш қажеті жоқ. Жалпы, жалған намысты қою керек.

Ердоғанның Қазақстанмен экономикалық байланысқа деген жоспарлары қандай? Мені осы мәселе қатты қызықтырады. Себебі, Ресей біздің транзитпен ойнап отырғаны жасырын емес. Одан бөлек, Ресейден теңіз арқылы шығатын мұнай Еуропаның сегізінші санкциясымен лимиттеледі. Ол КТК құбырынан Новороссийск портында танкерлерге құйылатын қазақ мұнайына да тікелей байланысты. Трейдерлер мұндай жағдайда санкция салқынынан қорқып, Ресейден шығатын кез-келген мұнайды сатып алудан бас тарта бастайды. Ол қазақтікі ме, басқанікі ме, ешкім бас қатырғысы келмейді. Сол себептен, КТК құбыры біз үшін болашақ қауіп пен қатердің ошағы болып отыр. Инвесторлар, әсіресе Шеврон кетіп қала ма деп уайымдаймыз.

Түркия өзі және Әзірбайжан арқылы Қазақстанға Еуропаға жаңа есік ашып бере алады. Түркия мен Әзірбайжан арасындағы Зангезур коридоры реттелсе, онда Әзірбайжан құрлық арқылы Еуропаға шыға алады, ал біз Каспий арқылы Әзірбайжанға шығамыз. Түркиямен танкерлік флот, контейнер таситын сухогруз кемелер және ең бастысы – Каспий теңізінің табанымен Теңіз кенішінен Әзірбайжанға мұнай құбырын жүргізу перспективасы талқыланатыны анық.

Қазақ-Түрік алыс-берісі

2021 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 4,1 миллиард доллар болды. Оның ішінде 3 миллиард доллары – Қазақстанның Түркияға экспорты. 1,1 миллиард доллар – Түркияның бізге жөнелткен импорты. Түркиямен сауда байланысы Ресейге қарағанда бізге жағымды сальдо береді. Яғни сатып алғанымыздан сатқанымыз көп. Соның арқасында оң төлем балансын жасап отырмыз. Оның үстіне, Түркия Қазақстанға тікелей инвестиция салып жүрген мемлекет, түрік кәсіпкерлері елімізде 5,5 миллиард доллардың инвестициялық жобаларын жүзеге асырып жатыр. 

Биыл Түркияның үлесі былтырғыдан да өседі. Мысалы, 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Осы қарқын сақталатын болса (үшінші тоқсанның статистикасын күтіп отырмыз) біз Түркиямен тауар айналымын осы жылы 5 миллиард доллардан асыруымыз мүмкін. 

Түркияға не сатамыз және не аламыз?

Түркияға біз отын-энергетика секторының өнімдерін (мұнай, газ, көмір, мазут), металл, мал мен химия (фосфор, азот) және мал сатамыз. Ал Түркиядан арнайы техника, құрылғылар мен аппараттар, онымен бірге киім (куртка, аяқ киім, іш киім) мен текстиль (мата, орамал) алдырамыз.

СICA немесе АӨСШК. Біз бір-бірімізге сенеміз бе?

Мен кездесулердің экономикалық аспектілеріне көп мән беремін. Бірақ кейде экономикалық картинаның саяси шешімдердің салдарынан не туындайтынын, не өзгеріп жататынын көріп жүрміз. Сондықтан экономикадан саясатты бөліп тастай алмайсыз. Ердоған келген екінші күні, яғни ертең Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің отырысы басталады. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған ол отырысқа қатыспақ. 

Шыны керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың CICA-ны (АӨСШК) дәл осы уақытта қайта жаңғыртып, өткізіп жібергені және оған барлық қатысушы мемлекеттердің басшылары келейін деп тұрғаны мықты дипломатиялық маневр болып отыр. Ия, нақты ештеңе шешілмес, бірақ бір-бірін көреді, сөйлеседі, іштегі тоңдары ери бастайды. Бізге де керегі сол.

Путин

Ресей Президенті Владимир Владимирұлы. Ия, ол да Астанаға келе жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің отырысына қатысады. Ресей – АӨСШК мүшесі. Сондықтан Путиннің Астанаға келуі заңды.

Көп сарапшылар, Путин мен Ердоғанның Астанадағы кездесуінен үлкен жаңалықтар күтіп отыр. Әңгіме Украина туралы жүретіні сөзсіз. Түркия НАТО мүшесі болса да, Ердоғанның Еуропа мен АҚШ атынан сөйлеуге мандаты бар ма, ол жағы белгісіз. Украина Президенті Зеленский Путинмен ешқандай келіссөздер жүргізбейтінін, тіпті ішкі заңмен бекітіп тастады. Сондықтан бұл кездесулерінен нәтиже шыға ма, оны ешкім нақты айта алмайды. Астананың міндеті қонақтарын қарсы алу, шәйларын құйып беру. Біз соны атқарсақ болды. 

Кез-келген түсініксіз жағдайда картаға қарау керек. Қазақстан географиялық жағынан Ресейге байланып отырғаны өтірік емес. Алып көршіні айналып өту өте қиын. Кейде қымбат, кейде тіпті мүмкін емес. «Әкең жынды болса, байлап бақ» деген қазақ мақалы тура осы жағдайға дәл айтылған сияқты. Сондықтан, ия, қандай оспадар, тентек болса да, біз сабырмен жуасытуға тырысып жүрміз. Ресейдің көптеген шешімдерді эмоциямен қабылдайтынын байқадық. Сондықтан Ресеймен арада эмоционалды көпшік қойып отыру – жақсы жұмыс істейтін технология. 

Осы технология бойынша Қазақстан екі күннен кейін «Орталық Азия – Ресей» саммитін өткізеді. Путин АӨСШК-ке де және осы саммитке де қатысады. Негізі сол үшін келіп отыр. Орталық Азия, яғни Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшылары бір тарап, ал Путин екінші тарап болып, нақты проблемаларымызды шешуге тырысамыз. Бізде проблема көп. Оның ең бастысы – Ресейдің реваншистік саясаты.

Дәл сол күні Астанада Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің мемлекеттік сапары басталады. Демек, Бердімухамедов мемлекеттік сапарын «Орталық Азия – Ресей» саммитіне келумен ұштастырып отыр. Біз үшін Сердар Гурбангулыұлының маңызы артып келеді. Сердармен дос болу керек. Неге?

Сердар факторы. Оғыздар мен қыпшақтар

Түркіменстан бізге екі мәселе бойынша қатты керек. 

Біріншісі – Ресей арқылы жүретін солтүстік коридордың жабыла бастауы. Қазақстан енді оңтүстік коридорға көз тігіп отыр. Ал ол Түркіменстан арқылы өтеді. Біздің транзиттік әлеуетіміз бен логистикамыздың бір ұшы Сердар Бердімұхамедовтың қолында. 

Екіншісі. Бұл қазақтың болашағына тікелей байланысты. Каспийдің құқықтық статусы 2020 жылы айқындалды. Сол бойынша, бізге Каспий табанымен Әзірбайжанға баратын мұнай құбырын салу үшін, теңіз бойынша сол және оң жақтағы көршілердің, яғни Түркіменстан мен Ресейдің келісімі керек. Бірдеңе қылып Ресейді көндіретін болсақ, бізге Сердар Гурбангулыұлының мырза көңілі аса қажет болады.

Бердімұхамедовты шығарып салып, біз осы аптаны бітіретін боламыз. Қасым-Жомарт Тоқаев тек жексенбі күні демалуға мүмкіндік алмақ. Бір аптада 3 мемлекеттік сапар, 2 саммитті атқарып шығамыз. Олар жемісті болуға, нақты нәтиже беруге тырысатынымыз анық.

«Қазақ үмітін арқалаған 7 күн» деген тақырып қойғанда, мен осыны меңзеген болатынмын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы